Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы "Рахат" волонтерлар клубының жетекшісі Аққу Аманжолова волонтерлыққа өзінің досына көмектесу арқылы келген.
Жас волонтер бүгінгі еліміздің әр түкпірінен жиналған волонтерлардың қатарын толықтырып, елордадағы "Біргеміз" фронт-офисінің ашылуына қатысты.
Мен үшін волонтерлық – өз пайдаңды ойламай, өзгенің қиындығына қол ұшын созу. Ол үшін ешқандай ақы күтпей, бар ықыласыңмен кірісу. Ұйымдастырушылар бүгінгі фронт-офистің ашылуына арнайы шақырды. Осы алаңда отырғаныма өте қуаныштымын. Бүгінгі мемлекет басшысымен өткен кездесудің мен үшін маңызы зор. Алғаш рет кездесіп тұрмын. Кездесуден мотивация алдым. Бағытымның дұрыс екеніне көз жеткіздім, - деді Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы "Рахат" волонтерлар клубының жетекшісі Аққу Аманжолова.
Жас волонтер бұл бағытта өзінің Рахат есімді досының еміне көмектесуден басталғанын атап өтті.
Менің Рахат деген досым болды. Оған онкологиялық диагноз қойылғасын, еміне ақша жинауға көмектестім. Өкінішке қарай, Рахат өткен жылдың мамыр айында қайтыс болды. Содан соң қайырымдылықты қолға алып, клубқа "Рахат" деген атау бердік және 3 айдан бері науқас балалардың еміне ақша жинаумен айналысып келеміз. Арнайы концерттер, тағам және қолөнер жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз. Бір баланың еміне ақшаны толық жинап ақтадық. Бұдан бөлек, колледждерде кішігірім шаралар өткіземіз. Клубта 32 волонтер бар... Осыншама аз уақытта көп іс атқармадық деп ойлаймын. Дегенмен, алдағы жоспарымызда шаралар көп. Мемлекет тарапынан да осындай қолдау болып тұр... Волонтерлардың қатары көбейіп, мейірімді жастардың саны артқанын тілеймін, - деді "Біргеміз" фронт-офисінің ашылуына келген жас волонтер.
Айта кетсек, бүгін "Волонтер жылы" аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО көрмесінің Art Hub павильонында орналасқан волонтерлардың BIRGEMIZ республикалық фронт-офисын ресми түрде іске қосты.
Фронт-офистің ашылу рәсіміне қатысқан Дәурен Абаевтың айтуынша, елімізде қазір 200 волонтерлық ұйым тіркелген. Оған 50 мың адам белсенді атсалысады.
Елімізде "Волонтерлар жылы" аясында қолға алынған "Жаңа бастама" жобасына мемлекеттік бюджеттен 170 млн теңге бөлінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазірдің өзінде Жер бетінде 1 млрд адам волонтерлықпен айналысады. Ал бізде 16 мың, бұл аз, 100 мыңға жеткізуге болады.