Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қордай ауданында жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асатын 387 жоба іске асырылып жатыр.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудандағы екі күнге жоспарланған жұмыс сапары барысында аталған жобалардың сапалы орындалуы, қордайлықтардың қоғамдық-саяси ахуалы және көңіл-күйлері басты назарға алынды. Алдымен, Кенен ауылындағы ауыз су мәселесінің шешілу барысымен танысқан аймақ басшысы бірқатар мәселелерге назар аударды. Бұл түйткілді шешу үшін 132 миллион теңгеге 16 шақырымдық су құбыры тартылып жатыр. Оның ішінде үш шақырым сыртқы су өткізгіш және 13 шақырым ішкі желі. Қазіргі уақытта тоғыз шақырымдық құбыр тартылған.Ауылдағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияда 20 келушіге бір дәрігер және сегіз медбике қызмет көрсетеді. Жастардың жақын орналасқан Алматы қаласына көптеп кетуіне байланысты Кененде туу көрсеткіші төмендеуде. Сол сияқты 600 орындық Е.Қашағанов атындағы №42 мектепте бүгінде тек 509 оқушы білім алуда. Оқу ордасы жаңа, 2014 жылы пайдалануға берілген.
Балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтар негізін сіңіріп, рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет. Әсіресе, Кенендей ұлы тұлға туған ауылда бұған айрықша ден қоя білген дұрыс, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жалғастырылатынын атап өтті. Бес ауыл газдандырылып, шағын су қоймалары салынбақ.
Аймақ басшысы көпшіліктің әйгілі Аңырақай шайқасының орнына мемориалдық кешен салу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Ол сондай-ақ кенендіктерді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға, бастамашылық пен іскерлік танытуға шақырды.
Биыл Қордай ауданындағы жолдарды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 352 шақырымнан астам жол қалпына келтірілмек. Онда кейбір орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, Мұзбел ауылына кіре берістегі жолдың екі шақырым бөлігі пайдалануға берілген.
Сондай-ақ өңір басшысы аудандағы тәулігіне 1000 тоннаға дейін құрылыс материалдарын шығаратын бетон-асфальт зауытында болып, Қалғұты ауылында жаңа мектептің құрылыс жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатқанын қатты сынға алды. Одан бөлек, Әлжан ана ауылында "Самұрық-Қазына Траст" қорының қаражаты есебінен жүргізілетін дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасымен танысты.