Алматы, BAQ.KZ. Қарағандыда дәрігер мен науқастың барлық сөзін диктофонға жазу шешімі қабылданды. Бөлме есіктерінде қазірден ескертпе жазулар пайда болды, деп хабарлады "Қарағанды-Онлайн".
«Бұл шара науқастар тарапынан болатын шағымдарды сейілту үшін жасалуда. Дыбыстық жазба бір ай сақталады әрі оны тыңдауға тек денсаулық сақтау басқармасы басшысының ғана рұқсаты бар»,-делінген облыстық денсаулықсақтау басқармасы баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство алдағы уақытта қаладағы поликлиникалардың барлық бөлмелері аудиожазба құралымен жабдықталатынын жеткізді. Қала тұрғындары жаңа қабылданған өзгерістің заңдық жағына, әсіресе дәрігерлік құпияны сақтау мәселесіне алаңдаушылық білдіруде.
Қазіргі уақытта дәрігерлер жаңа босанған әйелді үйіне тексеруге барған кездегі сөздерді жазып алуда. Жедел жәрдем қызметі диктофонды 2015 жылдан бастап қолдана бастаған. Шақырту бойынша келген дәрігерлер алдымен сөздердің таспаға жазылатынын айтып, ескертеді. Дыбыстық жазбалар даулы оқиғаларды шешу үшін қажет екен. Енді қаладағы поликлиникалардың дәрігердлері де аудиожазбаларды жазып алатын болады.