Маңғыстау облысында бизнес ашуға ниетті тұрғындарға 944 млн теңге несие бөлінген

15 Мамыр 2019, 15:33
2924
Бөлісу:
Маңғыстау облысында бизнес ашуға ниетті тұрғындарға 944 млн теңге несие бөлінген
PHOTO
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Маңғыстау облысы бойынша ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев айтты. 

Бақтыбай Ізімтайұлының мәлімдеуінше, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын аймақ тұрғындарына ауылшаруашылығы жататын және жатпайтын кәсіп түрлерін дамытуға шағын несиелер беріп келеді. 

«Тек өткен жылдың өзінде осы аталған бағдарлама бойынша облысымызға бөлінген сегіз жүз млн теңгеден астам қаражат жергілікті ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 210 адамға берілді. Бұдан басқа да мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес бөлінген қосымша 130 млн 750 мың теңге берешек қаржыны 23 аймақ тұрғыны алып отыр. Жалпы 2018 жылдың қорытындысында бас-аяғы 233 жеке кәсіпкерге 953 млн теңге жуық несие берілді. Нәтижесінде облыс бойынша ауылшаруашылығы саласындағы кәсіптік нысандарда 335 жаңа жұмыс орындары құрылғанын көріп отырмыз», - деді ол. 

Маңғыстау облысында бизнес ашуға ниетті тұрғындарға 944 млн теңге несие бөлінген

Мемлекеттің қаржылай қолдауымен ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасына екі қолға бір күрек іздеп жүрген, сондай-ақ кәсібін енді ғана бастаған азаматтар қатысуға құқылы. Бұл жерде бір айта кетерлігі, үміткерлер алдымен «Бизнес бастау» жобасы арқылы бизнес ашу тетіктерін тегін меңгеріп, екі жылға іске жарамды арнайы сертификат алуы тиіс. 

Тақырыпты толықтыра түсейік, соңғы жылдары мал және егін шаруашылығы салалары енді дами бастаған шалғай өңір бойынша «Сыбаға», «Игілік», «Егінжай» және «Кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламалары да сәтті жүзеге асып жатыр. Олардың шарапатын бүгінде көріп отырған өлке тұрғындарының барлығы дерлік бизнес ашу не одан әрі жалғастыру жолдарын тәлімгерлерден үйренген. 

«Былтырғы жылы «Бизнес бастау» жобасы арқылы бір мыңнан астам адам дәріс алды. Олар оқыған бизнес ашу курстарына қажетті қаржы республикалық және облыс бюджетінен бөлінді. Еш жасыратыны жоқ, несие алып ауылшаруашылығы саласында кәсіп бастауға ниетті адамның алдынан бірінші шығатын қиындық, ол несие тарихының талапқа сай болмауы және қойған кепілдерінің жеткіліксіз болуы. Бұл ретте әр тұрғынға жеке-дара кеңес беріп, көздеген мақсатына жетуіне барынша жол ашудамыз», - деді жиында екінші болып сөз алған ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры өңірлік филиалының директоры Мұрат Баймағамбетов. 

Маңғыстау облысында бизнес ашуға ниетті тұрғындарға 944 млн теңге несие бөлінген

Оның сөзінше, биыл облыстың ауылшаруашылығы саласын дамытуға бөлінген бір млрд үш жүз млн теңгенің сегіз жүз миллиондайы осы аталған қор арқылы несиеге берілмекші. Жалпы осы жылы берешек қаржы ретінде мемлекеттен бөлінетін жалпы соманың 944 млн теңге екені жоғарыда айтылды. 

Қорыта айтсақ, осы аталған несие шарттарына сәйкес қойылған талаптардан сүрінбей өткен аймақ тұрғыны 6%-бен алған борышын жеті жылда қайтаруы сұралады.

Өзгелердің жаңалығы