Қазақстандық ғалымдарға үстемақы беру ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Депутат заңда ұсынылып отырған нормалар жайлы айтты.
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз өздерінің доктор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемақы алады. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемақы ретінде алады, - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Ал енді ол ғылым докторы болса, және қазіргі уақытта ол 125 мың теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін ол енді қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алады.
Бұл өте жақсы қолдау деп санаймыз. Сонымен қатар таға да бір қолдау тетігін ұсынып отырмыз. Ол халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған саббатикал институты. Яғни жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру ұсынылады, - деп айтты мәжілісмен.
Аймағамбетовтің айтуынша, бұл шығармашылық демалыстың мерзімі бір жылға дейін және осы кезеңде жетекші ғалым орташа жалақы деңгейіндегі төлемдерлі алып отыруына да мүмкіндік беріледі.
Бұл шығармашылық демалыс, ғалымдарымызға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монографияларын, ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді.