90 мың адам тұмауға қарсы екпе алады

4 Қыркүйек 2024, 20:50
525
Бөлісу:
90 мың адам тұмауға қарсы екпе алады
Фото: BAQ.KZ - архив

Павлодар облысында тұмауға қарсы 90 мың адамға екпе салу жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, қазіргі уақытта тұмау жұқтыру бойынша жағдай тұрақты. Тұмау деректері тіркелген жоқ.

Қыркүйектің ортасынан бастап тұмауға қарсы вакциналау, медицина қызметкерлері үшін бетперде режимін енгізу, медициналық ұйымдардың маусымдық жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарды қабылдауға дайындық жұмыстары қолға алынады. Тұмау мен жұқпалы аурулармен күресудің ең тиімді жолы – вакцина. Препараттан соң ағзаның иммунитеті бірнеше апта ішінде қалыптасып, 12 айға дейін сақталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша халықтың кем дегенде 10%-ы арасында иммундау шараларын жүргізу керек, - дейді Батырбек Әлиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, аймақта тұмауға қарсы ресейлік препарат қолданылады. Жергілікті бюджеттен 88 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Медициналық ұйымдардың жанында 340 екпе кабинеті бар. Қазіргі уақытта 133 бригада мен 121 маман жұмысқа кірісуге әзір. Эпидемиологиялық кезеңде вакциналаумен айналысатын мобильді бригадалар да жұмыс істейді. Ал вирустық инфекциялардың таралу маусымында халыққа қызмет көрсету үшін 71 мобильді топ жұмылдырылады. Тұрғындар ауру белгілерін анықтаса, бригаданы шақырған жөн, - дейді Айгүл Мұқышева.

Айта кетейік, өңірде тамыз және қыркүйек айларында жедел респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтырудың алты мыңға жуық дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі амбулаторлық деңгейде емделіп шықты.

Өзгелердің жаңалығы