90-ға жуық мемлекетте өнер көрсет Құрманғазы оркестрі Италияда

22 Маусым 2023, 13:30
1773
Бөлісу:
90-ға жуық мемлекетте өнер көрсет Құрманғазы оркестрі Италияда
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Рим қаласында «Көшпенділер әуені» атты гастрольдік концертін өткізді. Италия астанасында ұйымдастырылған концертке өнерсүйер қауым жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақтың төл туындыларын дүние жүзі халықтарын Ұлттық және әлемдік классикалық, қазақ ән-күйінің ерекше колоритке ие туындыларын италияндық көрерменге тарту етті.

Ұлттық оркестр бұған дейін әлемнің 90-ға жуық мемлекетінде өнер көрсетіп, қазақтың төл мәдениетін, төл музыкасын, «Қазақ» деген ұлы елдің бар екенін ұлттық музыкалық аспаптардың әуезді үнімен танытып келеді. Ал, биыл әлемдік классиканың отанына айналған Италия жерінде кезекті гастрольдік концертімізді өткізу бұйырыпты. Бұл биылға шетелге ұйымдастырылған екінші гастрольдік сапарымыз. Осы гастрольдік сапарда Құрманғазы оркестрінің мерейлі 90 маусымының шымылдығы түрілді. Біздің ауқымды деңгейдегі концертімізге қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне және Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерболат Нәсенұлына, Қазақстан Республикасының Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға Құрманғазы оркестрінің ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз, – деді оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепберген.

Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған гастрольдік концертте Ұлттық оркестрмен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, Халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан, Ақайша Жұрбай, Raffaele Collienza, Рим қаласындағы Санта Чечилия музыкалық консерваториясының түлегі Лаура Али өнер көрсетті.

Оркестр директоры Медет Қуанышев аталмыш гастрольдік сапардың қандай мақсатта ұйымдастырылғанын түсіндірді.

Бұл гастрольдік сапар – Құрманғазы оркестрінің Италия Республикасына ұйымдастырған алғашқы сапары емес. Бұған дейін 2004 жылы Еуропаның мәдени және тарихи орталығы, әлемдік мәдени ескерткіштердің алтын қазығына айналған көне мемлекетке Құрманғазы оркестрінің құрылғанына 70 жыл толуына орай турне өткізген болатынбыз. Араға 20 жыл салып, тарихи оқиғаны қайталадық. Гастрольдік сапарды Италияның астанасы Рим қаласынан бастадық. Неаполь, Флоренция қалаларында ауқымды деңгейдегі сапар жалғасын табады. Ұлттық музыкалық мұраны осылайша күллі әлем халықтарына паш етіп,ұлттық аспаптардың көмейінен шыққан сазды әуенмен ұлт мәдениетін таныту – Ұлттық оркестрдің басты парызы, – деді Медет Қуанышев.

Оркестрдің Италияға ұйымдастырған гастрольдік концерті Неаполь және Флоренция қалаларындағы концерттермен жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы