9 айда 19 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген

21 Қазан 2024, 17:26
347
Бөлісу:
9 айда 19 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген
Фото: Артём Чурсинов -архив

Мұндай мәліметті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Статистика көрсеткендей, биыл 9 айда елімізде 19 мыңнан астам (19 302) жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан 26 703 адам зардап шекті.

ЖКО-ның салдарынан 1 754 адам қаза тапты, оның ішінде:

- кәмелетке толмаған 230 бала;

- 486 әйел;

- 1 268 ер адам.

Жарақат алғандар саны - 24 949:

- кәмелетке толмаған 6 488 бала;

- 10 937 әйел;

- 14 012 ер адам.

Аймақ бойынша ең көп жол апаты:

- Алматы қаласы – 3 869,

- Алматы облысы – 2 118,

- Астана қаласы – 1 220,

- Жамбыл облысы – 1 181,

- Шымкент қаласы – 1 122 тіркелген.

Жол көлік оқиғасына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерінің негізгі бұзушылықтарына мыналар жатады:

- маневр жасау қағидаларын сақтамау – 3 700,

- жылдамдықты асыру – 2 773,

- жаяу жүргіншілерге қозғалыстағы басымдылықты ұсынбау – 3 401,

- жол қиылыстарынан өту немесе жолдың жүру бөлігін қиып өту қағидаларын бұзу - 1 417.

ЖКО-ның 95%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен болады, оның 451-і алкоголь немесе есірткіден масаң күйінде жасалған.

Адам өліміне әкелетін ЖКО-ның 60%-дан көбі қала маңындағы жолдарда болады.

Жалпы апаттық деңгейінің жоғарылауына жүргізушілердің жылдамдық режимін асыруы, басып озу қағидаларын сақтамауы, шаршаңқы күйде жолға шығуы себеп болуда.

Соңғы жылдары жастар мен жасөспірімдер арасында мопедтер, скутерлер, самокаттар сияқты шағын көлік құралдары белең алып жатыр.

Осы жол қозғалысына қатысушылардың жеткілікті тәжірибесінің жоқтығынан, сондай-ақ ережелерді білмеуінің салдарынан 1 077 ЖКО-ға себеп болып отыр, онда 1 190 адам жараланып, 86-сы қаза тапты.

Жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында комитет жанынан тұрақты ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.

Бүгінгі таңда, мысалы, Көлік министрлігіне жүктелген апатты-қауіпті учаскелерді анықтау тетігі іске қосылды. Бұл ретте комитеттің ЖКО туралы деректері негізге алынады. Ішкі істер министрлігі жүргізуші емтихандарын тапсыру үшін өзін-өзі дайындауды алып тастады. Автомектептерді мемлекеттік бақылау, газ-баллон жабдықтарын орнату және техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейту мәселелері пысықталып жатыр, - делінген хабарламада.

Ведомствоаралық жұмыс тобының бастамасымен Көлік министрлігі такси агрегаторларымен меморандум жасады. Барлық шара ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған.

Комитет адамдар зардап шеккен жол-көлік оқиғаларына қатысты мемлекеттік статистиканы қалыптастырады. Бұл деректер «qamqor.gov.kz» порталында комитет әзірлеген апат картасында қолжетімді. Еліміздегі жолдардың апаттық жағдайы туралы толық ақпаратты осы порталдан білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы