Ақтауда алаяқтардың арбауына түскен зейнеткер жалғыз баспанасынан айырылып қалды. Телефон арқылы басталған алаяқтық әрекет үш бөлмелі пәтердің нарықтық бағадан әлдеқайда арзанға сатылып, түскен қаржының қылмыскерлердің есепшотына аударылуымен аяқталған, деп хабарлайды Lada.kz.
Жәбірленушінің қызы Екатерина Сергеевадың айтуынша, оқиға 23 маусымда басталған. Белгісіз адам зейнеткерге қоңырау шалып, өзін есептегіштерді тексеру қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Әңгіме барысында ол SMS арқылы келген кодты айтуды сұрап, кейін әйелді психологиялық қысыммен өз бақылауында ұстаған.
Туыстарының сөзінше, алаяқтар әйелге ешкімге болған жайтты айтпауға кеңес беріп, барлық әрекетін телефон арқылы бағыттап отырған. Кейін олар пәтердің фотосуреттерін жіберуді талап еткен.
Көп ұзамай белгісіз адамдар тұрғын үйді сату туралы хабарландыру жариялап, үш бөлмелі пәтерді небәрі 8,5 миллион теңгеге сатқан. Бұл оның нақты нарықтық құнынан әлдеқайда төмен болған. 25 маусымда сатып алушы пәтерді қарап, нотариуста сатып алу-сату келісімшарты рәсімделіп, сатушыға 8,5 миллион теңге қолма-қол берілген.
Алайда осыдан кейін алаяқтар қайта байланысқа шығып, ақшаның түпнұсқалығын тексеру үшін оны «қауіпсіз шоттарға» аудару қажет екенін айтқан. Әйел сол күні кешке банкоматтар арқылы барлық қаражатты бірнеше аударыммен қылмыскерлер көрсеткен есепшоттарға жіберген.
Келесі күні ғана болған жағдайды түсінген зейнеткер полицияға жүгінген. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, әйел ресми түрде жәбірленуші деп танылған.
Отбасы енді сот арқылы сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп танып, жалғыз баспанасын қайтаруға тырысуда. Жәбірленушінің туыстары сатып алушыға төленген қаражатты қайтаруға дайын екендерін айтқанымен, ол келісімнен бас тартқан. Осыған байланысты олар кәсіби заңгердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Қазіргі таңда отбасы адвокат қызметіне қажетті қаражат жинап жатыр. Олардың басты мақсаты – сот арқылы зейнеткердің жалғыз баспанасын қайтарып алу.