Қазан Жарлығына қатысты: Тоқаев Назарбаевтан рұқсат сұрамайды, тек кеңеседі – депутат

23 Қазан 2019, 13:30
8395
Бөлісу:
Қазан Жарлығына қатысты: Тоқаев Назарбаевтан рұқсат сұрамайды, тек кеңеседі – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кадр саясатындағы құзыретін кеңейтетін жарлыққа қол қойған болатын. Депутат Бейбіт Мамраев осыған қатысты пікір білдірді.

"Заңды дұрыстап оқыңыздар. Жоғары лауазымды шенеуніктерді тағайындайтын кезде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен ақылдасады, кеңеседі. Бірақ рұқсат сұрамайды. Осыны түсіну керек. Нұрсұлтан Назарбаев елімізді 30 жылға жуық басқарған, тәжірибесі мол. Сондықтан кеңес алғаннан артық ештеңе көріп тұрған жоқпын. Одан бөлек, президент жеке өзі шешім қабылдап, тағайындайтын лауазымдар бар. Мысалы, ҚР сыртқы істер министрі, ішкі істер министрі мен қорғаныс министрлігінің басшыларын өзі тағайындайды", – дейді Бейбіт Мамраев.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 9 қазанда "Қазақстан Республикасы президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес қазіргі президент бірқатар тағайындауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен алдын ала келісіп, жасайды. Оларға бас прокурор, ұлттық банктің төрағасы, ҰҚК басшысы және министрлер жатады. Міне, бұларды мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісе отырып тағайындайды. Одан бөлек, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімдерінің, сондай-ақ тікелей президентке бағынатын және есеп беретін орган басшылары да осы тәсілмен тағайындалады.

Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысының 2019 жылдың 9 қазанындағы "Қазақстан Республикасы президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Жарлығына қатысты түсіндірме берген болатын. 

Өзгелердің жаңалығы