Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 82,6 мың адамды құрады. Бұл ретте биылғы жылы 58,8 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады, - делінген хабарламада.Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның 40 қаласының тұрғындары үшін Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша Мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.