8 жылын қазақ балетіне арнаған жапон балеринасы

18 Маусым 2021, 10:12
1784
Бөлісу:
8 жылын қазақ балетіне арнаған жапон балеринасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» театрының әртісі Марико Китамура балерина мансабын аяқтады. Токионың тумасы отаны Жапонияға қайтып оралмақ. Өз сұхбатында биші Қазақстандағы өмірі туралы әсерлерімен бөлісіп, қазақ балетінің ерекшелігі туралы айтты, сонымен қатар елімізге, театрына көрермен ретінде келуге уәде берді.

- Сіз он жылға жуық кәсіби қызметіңізді қазақ балетіне арнадыңыз, елордалық театрға қалай келдіңіз, елімізбен таныстығыңыз қалай басталды?

- Бес жылдай мәскеулік театрда жұмыс істедім, 2013 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі театрлардың бірі ашылады дегенді естіп, өз бағым мен күшімді сынауға бел будым. Өте қатаң конкурстық іріктеу болды, әртістерді түрлі елден келген қазылар мүшелері бағалады, бағыма орай, шығармашылық байқаудан сүрінбей өтіп, «Астана Опера» труппасына қабылдандым.

- Қазақстан бірден ұнады ма?

- Иә, әлбетте. Мұндағы адамдар өте ашық жарқын, мейірімді, ниеттес. Балет труппасымен танысқан кезде де өзіме деген осындай қарым-қатынасты сезіндім, мені қолдап, көмектесіп, әрдайым ақыл-кеңесін беруден аянбайтын көптеген досым бар.

- Олай болса, неліктен Жапонияға оралу туралы шешім қабылдадыңыз?

- Түсінесіздер ме, балет әртісінің ғұмыры қысқа, менің жасым 36-да, кәсіби мансапты тоқтату сәті келді, сондықтан Токиоға, сағындырған отбасыма ораламын деп шештім. Қызмет саламды ауыстыруды жоспарлаудамын, дегенмен балет мәңгі-бақи менімен бірге, енді тек өзім үшін айналысамын. «Астана Опера» театрында жұмыс жасаған жылдарым ішінде сахна төрінде жарқын жеке партияларды, төрттіктерді, екіліктерді жасадым, театрдың репертуарындағы түгел дерлік спектакльдерде биледім. «Шопениана» романтикалық балетіндегі Прелюд айрықша есімде, ол өте күрделі нөмір. Осындай мәнді де мазмұнды мансабым үшін, әсіресе, «Жизель», «Дон Кихот» балеттеріндегі бірнеше премьераларым орын алған өзімнің соңғы театр маусымым үшін балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратоваға алғысым шексіз, мен әрдайым оның қолдауын, маған деген жылы лебізін сезіндім.

- Сұхбаттарыңыздың бірінде сіз ата-анаңыз әрқашан көрермен үшін билеуің керек деп үйреткенін айтқансыз. «Астана Опера» театры ашылғалы сіздің өз көрермендеріңіз пайда болғанын жақсы білеміз.

- Театрымызға игі, жаны жайсаң жақсы көрермендер келеді, олар үнемі әртістерді қошеметтерімен қолдап отырады. Сөзсіз, кез келген әртіс залдан келетін қуатпен жігерленеді, арамызда эмоциялармен алмасу жүреді десек болады. Мен балетті қатты жақсы көремін, сахнаға шыққан кезде өзім үшін де билеймін, бұдан зор ләззат аламын, себебі әрдайым осыны армандайтынмын.

8 жылын қазақ балетіне арнаған жапон балеринасы

- Қазақстанда өткізген жылдарыңыз ішінде өзіңіз үшін қандай жаңа тұстарды аштыңыз?

- Мұндағы адамдардың жайдары екенін жоғарыда айтып өттім. Осында тұрып келе жатқаннан бері қазақтың дәстүрлі тағамдарына үйрендім, өте дәмді ет, әсіресе, қазы тіл үйіреді. Бұл елдің салт-дәстүрі мен мәдениеті керемет. Көп уақыт бойы Нұр-Сұлтанда тұрғандықтан, қаланың әсем сәулетін атап өте аламын, ол әлемдік астаналардан еш кем түспейді. Демалыс күндері достарымызбен жап-жасыл саябақтар мен гүл бақтарында жиі қыдыратынбыз, мұнда бәрі де жанға жайлы, қолайлы, бәрі де керемет ойластырылған. Бір жағынан, қазақ менталитетіне, мәдениетіне сіңісіп кеттім, осы елмен қоштасу көңілімде мұңлы сезім тудырады. Арқамда жауапкершілік жүгі барын сезінемін, себебі мәдени өмір менің есіміммен де байланысты: «Астана Опера» театрының ашылуына қатыстым, мұнда маған арнап тігілген костюмдер де бар. Зор алғыс сезімімен кетіп барамын, себебі дәл осы Қазақстанда әлемдік атағы бар қоюшы хореографтармен жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Ашылған сәтінен бастап театр ауқымды іс тындырды, басқа труппаларда мен дайын репертуарды билейтінмін, ал мұнда балеттің тұңғиығына тереңірек бойлауға, спектакль жасалуының қыр-сырын үйренуге мүмкіндік берілді, осының арқасында балеттің дүниеге келуі туралы пікірім түбегейлі өзгерді, бұл орасан зор еңбек. Көз алдымда «Астана Опера» театры Қазақстан мәдениетінің бетке ұстарына айналды, осы тарихтың бір бөлшегі болғаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Ендігі кезекте театрға көрермен ретінде оралу жоспарымда бар, ал егер труппа гастрольдік сапармен Жапонияға ат басын бұрса, міндетті түрде сыйлықтарыммен барамын.

«Астана Опера» театрының дирекциясы, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова балет әртісі Марико Китамураға Үлкен зал сахнасында сомдаған бейнелер галереясы үшін, қажырлы да қайратты еңбегі мен жұмысқа деген мінсіз қарым-қатынасы үшін шексіз алғысын білдірді. Басшылық әртістің жаңа бастамаларына сәттілік, мықты денсаулық тілеп, театрдың есігі Марико Китамура үшін әрдайым айқара ашық екенін айтты.


Өзгелердің жаңалығы