8 қазанда Алматы мен Атырау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) болжанады. Мамандар тұрғындарға ауа сапасына байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес берді.
«Қазгидромет» мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде желсіздік, әлсіз жел, тұман және ауа температурасының инверсиясы сияқты қысқа мерзімді факторлар атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал етеді.
Мұндай жағдайда елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл әсіресе ауа ластануына сезімтал адамдардың денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.
Синоптиктердің айтуынша, ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы сияқты факторлар әсер етеді.
ҚМЖ кезінде не істеу керек?
Мамандар тұрғындарға:
- таза ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеуді;
- балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуды;
- созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруді;
- ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеуді ұсынды.
Сондай-ақ дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануды ашық алаңдарда емес, жабық спорт кешендерінде өткізген жөн.