Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі өңірде Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналар мен отбасыларға біржолғы әлеуметтік көмек төленетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімдіктің редакциямызға берген ресми мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 514 156 адам тұрады. Оның 265 488-і – әйелдер, бұл өңір халқының 51,6 пайызын құрайды.
Ал Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы деректеріне сәйкес, биылғы 1 ақпанда облыста 7 413 көпбалалы отбасы тіркелген.
Әкімдік ақпаратына сәйкес, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік көмек төлеу қарастырылған. Бұл шара Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №233 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Құжатқа сәйкес, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 43 250 теңге көлемінде төлем беріледі.
Сонымен қатар 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға 5 айлық есептік көрсеткіш – 21 625 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.
Әкімдік мәліметінше, 2026 жылы осы мақсаттарға облыс аудандары мен Петропавл қаласының бюджеттерінен 239,4 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде 7 мыңнан астам көпбалалы отбасы әлеуметтік төлеммен қамтылмақ.
Бұған дейін Қазақстан өңірлерінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік көмектің көлемі әртүрлі екенін жаздық.