Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы ұзақ уақыт бойы еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын адамдарды әлеуметтік қолдау тетігін әзірлеуді тапсырды.
Агенттіктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2023 жылғы 21 желтоқсанда еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын және 55 жасқа толған адамдарға жаңа арнайы әлеуметтік төлемдер жүзеге асыруды көздейтін арнайы заң қабылданды.
Осындай төлем көздерінің бірі сақтандыру ұйымдары болып табылады. Төлемдер қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – ЖОМС) арқылы іске асырылады.
Биыл 9 айда 8,7 мыңнан астам қызметкерге сақтандыру ұйымдарынан шамамен 2 млрд теңге арнайы әлеуметтік төлем төленді, болашақ төлемдер үшін 19,7 млрд теңге сомаға резерв қалыптастырылды. Заңда қызметкерлерге арнайы әлеуметтік төлемнен басқа 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖОМС шеңберінде жаңа төлемдер енгізілді, - делінген хабарламада.
Еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін жұмыс берушілердің алдын алу шараларына, сондай-ақ зардап шеккен қызметкердің денсаулығын қалпына келтіруге арналған шығыстарды өтеу үшін оңалту шараларына төлемдер жүзеге асыру көзделген. Алғашқы алдын алу және оңалту төлемдері келесі жылдан бастап күтілуде.
Жазатайым оқиғалар орын алған кезде төлемдердің мөлшері ұлғайтылды, қызметкерлердің санаторлық-курорттық ем алудан өтуіне қосымша өтемақы енгізілді.
Сондай-ақ, заңда 2015 жылғы заңнамалық өзгерістерге байланысты өтпелі кезеңде болған қызметкерлер санаты үшін мәселе реттелді, регрессорлық төлемдерді, яғни сақтандыру ұйымдарынан өткізіп алған жалақыны өмір бойы өтеу бойынша төлемдерді алу мүмкіндігі берілді.
Бұл шаралар өндірісте зардап шеккен және еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған, бұл ретте сақтандыру тарифтері өзгермейді.