Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының Арал ауданында 1942 жылы майданға аттанған және бір жылдан кейін шайқастардың бірінде хабарсыз кеткен Ұлы Отан соғысына қатысушы Келіс Жиенбаевтың сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті.
Сарбаздың сүйектері Қазақстан Әскери-әуе күштерінің әскери бортымен жеткізілді. Туыстарына жеткізілгеннен кейін, барлық әскери рәсімді сақтай отырып, сарбаздың сүйектері жер қойнына тапсырылды.
Өткен жылы "Еске алу вахтасы" акциясы аясында Ресей Федерациясы, Тверь облысы, Зубцовск ауданының маңында жүргізілген іздестіру операциясы барысында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан әскери қызметшінің сүйегі табылды. Сарбаздың мойынтұмарын сараптаудан өткізу кезінде оның жеке деректері анықталды. Қаза болған сарбаз Қызылорда облысы Арал ауданынан Қызыл әскер қатарына шақырылған Келіс Жиенбаев екендігі белгілі болды.
Қазақстандық сарбаздың сүйектерін туыстарына тапсыру және қайта жерлеу бойынша одан әрі дайындық жұмыстары Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігі жанындағы Әскери атташе аппараты және ҚР Қорғаныс министрлігі құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе жүзеге асырылды. Сарбаздың туыстарын іздестіру кезінде Мәскеу қалалық іздеу орталығының көрсеткен көмегі зор.
Анам әрдайым әкесінің сүйектері табылып, туған жерінде жерленгенін армандайтын, өкінішке орай, бір жыл бұрын осы күнді көрместен дүниеден озды. Ал бүгін марқұм анамның арманы орындалды. Біз бұл үшін өте қуаныштымыз және ризамыз, - деп қайтыс болған сарбаздың немересі Мұхтар Қазбеков әскери қызметшілер мен іздестіру тобына алғысын білдірді.