Астанада мемлекеттік мекемелердің жұмыс кестесін өзгерту көлік жүктемесін айтарлықтай төмендетіп, негізгі магистральдардағы қозғалысты жеңілдетті. Пилоттық жоба нәтижесінде таңертеңгі қарбалас уақытында бірқатар көшеде көлік ағыны азайып, ең көп жүретін бағыттар бойынша орташа жүру уақыты қысқарған.
Бұл туралы “Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы” ММ BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Басқарманың ақпаратынша, елордада көлік жүктемесінің таңертеңгі және кешкі шыңдарын төмендету мақсатында биыл қазан айынан бастап бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін жұмыс уақытын өзгерту жөніндегі пилоттық жоба енгізілген болатын.
Бұл ұйымдардың кейбір қызметкерлері үшін жұмыс кестесі сағат 07:30-дан 17:00-ге дейін ауыстырылған. Осы шешім қарбалас уақыттағы сапарларды қайта бөлуге мүмкіндік берген.
Көліктік мониторинг және негізгі магистральдардың жүктемесін талдау жүйелерінің деректеріне сәйкес, өзгертілген жұмыс кестесін енгізу таңертеңгі жүктемелер интервалында және қаланың сол жағалауының жекелеген учаскелерінде көлік көп жүретін уақытқа айтарлықтай оң әсер еткен. Сондай-ақ ең көп жүретін бағыттар бойынша орташа жүру уақыты қысқарған.
Жұмыс күнінің басталу уақытын ішінара қайта бөлу көше-жол желісіне түсетін жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Нақтырақ айтқанда, көлік жүктемесінің айтарлықтай төмендеуі мына бағыттарда тіркелген:
- Республика даңғылы (Сарайшық және Мәңгілік Ел көшелерінің арасындағы учаске);
- Қабанбай батыр даңғылы (іскерлік орталық аумағындағы учаскелер);
- Тұран даңғылы және оған іргелес жолайрықтар;
- Республика даңғылының Бараев көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі бөлігі;
- Қонаев және Сарайшық көшелерінің ауданы, мұнда көптеген мемлекеттік мекеме шоғырланған.
Сонымен қатар жаңа жұмыс кестесіне көшірілген қызметкерлердің пікірлеріне сәйкес, олардың басым бөлігі жұмысқа дейінгі жолдың тыныш әрі ыңғайлы болғанын, таңертеңгі кептелістердің азайғанын және жұмыс күнін ертерек аяқтау мүмкіндігі пайда болғанын атап өтуде. Бұл, өз кезегінде, жеке уақытты тиімді жоспарлауға оң әсерін тигізген, - делінген ресми жауапта.
Қазіргі уақытта басқарма пилоттық жобаның тиімділігін бағалауды жалғастырып жатыр. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, оң нәтижелер сақталған жағдайда, сараланған жұмыс кестесі тәжірибесін кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігі де қарастырылып отыр.