Қазақстанның соңғы жаңалықтары

700 мыңнан астам қазақстандық медициналық қызметке шағымданған

Бүгiн, 18:18
292
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

2025 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кері байланыс арналарына медициналық қызмет алу мәселелері бойынша 701 115 өтінім келіп түскен. Олардың ішінде азаматтардың алғыстары да, шағымдары мен түрлі ұсыныстары да бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қордың мәліметінше, өтінімдердің басым бөлігі кеңес сұрау сипатында болған. Қазақстандықтарды ең алдымен МӘМС жарналарын төлеу тәртібі, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке қолжетімділік, жолдама алу, еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеу мәселелері қызықтырған. 

Сондай-ақ медициналық көмекті көрсету талаптары, жеңілдік санаттары мен қолданыстағы тізімдердегі өзгерістерге қатысты түсіндірулер жиі сұралған.

2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Қор жүйесіне 23 022 шағым тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 179 шағымға немесе 15,3 пайызға аз.

Алдыңғы жылмен салыстырғанда қайтарып алынған немесе сол жерде шешімін тапқан шағымдардың үлесі айтарлықтай артқан. Егер бұрын бұл көрсеткіш 46,2 пайызды құраса, 2025 жылы 50,2 пайызға дейін жетті. 

Нақтырақ айтқанда, түскен 23 022 шағымның 11 578-і пациенттерді қолдау қызметтері мен медициналық ұйымдардың ішкі сараптама бөлімдері арқылы "осы жерде және дәл қазір" қағидаты бойынша реттелген.

Ең көп өтінім келіп түскен негізгі мәселелер:

  • медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі – 8 678 өтінім (37,7%);
  • медициналық қызмет көрсетуден бас тарту – 8 520 өтінім (37%);
  • ТМККК және МӘМС аясында дәрілік заттарды беруден бас тарту – 3 210 өтінім (13,9%).

Осы деректерге сүйенсек, азаматтардың басым бөлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты жүгінген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Рамазанованың айтуынша, МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері азаматтармен кері байланыс орнатуға арналған бірнеше арна тұрақты жұмыс істеп келеді.

Қорда msqory.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы түскен барлық өтінімдер міндетті түрде қаралады. Әрбір өтініш толық шешімін тапқанға дейін бақылауда болады, – деді ол.

Сондай-ақ қор өкілдері азаматтардың өтініштерін жүйелі түрде талдау денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл кері байланыс МӘМС пен ТМККК шеңберінде медициналық көмектің ашықтығын арттырып, оның қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

Өзгелердің жаңалығы