Атыраулық тұрғындардың алимент үшін аударуы тиіс қаржы сомасы 2.1 млрд теңгеге жеткен. Қазір берешегін беруге асықпайтындарға арнайы рейд жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала бойынша алимент төлеуге міндеттелген 2190 адам бар. Соның 700-ден астамы берешегін өтеуден жалтарып жүр. Жауаптылармен 9332 атқару парағы орындалуда. Төленуі тиіс қаржы сомасы 2.1 млрд теңгеге жеткен. Рейдтік іс-шараны Атырау қаласының прокуратурасы, Кірістер департаментінің өкілдері, жеке сот орындаушылар мен полиция қызметкерлері бірлесіп өткізуде.
Рейдтік іс-шараның басты мақсаты алимент берешегі бар азаматтарды анықтап, борышкерлерден төлемдерді мәжбүрлі түрде өтелуі бойынша жұмыс істеу. Іс-шара басынан 100-ден астам үй-жай араланды. Оның ішінде 22 борышкерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669 бабы негізінде хаттамалар жасақталып, айыппұл толтырылды. 15 адамға айыппұл салынса, 7 борышкерге қатысты қамақ жазасы қолданылды. Одан өзге 430 автокөлік тоқтатылып, оның ішінде 346 автокөлік иелерінен 10 млн теңгеден астам берешек сомасы өндірілді. Одан бөлек 80-астам автокөлік айыппұл тұрағына тоғытылды,- дейді Атырау қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Тайбек Құлтайұлы.
Былтырдың өзінде мұндай жұмыстың арқасында жергілікті азаматтардан 16 млн теңге қаржы өндіріліпті. Биыл 15-мамырда басталған рейдтік іс-шара арқасында 10 млн теңге айналасындағы ақша төлеу міндеттелді.
Алимент берешегін төлемеген адамдар, алғашында ӘКҚБТ кодекстің 669 бабының 1 бөлігімен сот шешімін орындамаса, әкімшілік жауапқа тартылады. Айыппұл төлейді не болмаса 5 тәулікке қамауға алынады. Қазіргі рейд 15 шілдеге дейін жалғасады және жыл сайын өткізіледі.