Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде халықтың әлеуметтік қорғалуына жағдайлар жасалып жатыр. Былтыр ақтөбеліктердің орташа жалақысы 109 пайызға көбейді. 70 мың тұрғынның еңбекақысы 1,5 есеге артты. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен кездесуі кезінде мәлімдеді.
Ақтөбе облысында салық жүктемесінің төмендеуінен 92 мың ақтөбеліктің жалақысы артты. 176 кәсіпорын 32 мың қызметкердің жалақысын орта есеппен 10 пайызға көтеріп берді. 36 мың тұрғын 3 млрд. теңгенің қосымша сыйақысы берілді.
«Бастысы халықтың кіріс көзін көбейту. Былтыр жерлестеріміздің орташа жалақысы 2017 жылмен салыстырғанда 109 пайызға артты. Республикалық көрсеткіштен жоғары. 2018 жылы өңірдегі орташа жалақы мөлшері 137 мың теңгені құрады. 70 мың ақтөбеліктің жалақысы орта есеппен 1,5 есеге өсті. 42 мың теңге көлеміндегі жалақыны көбейту жөнінде кәсіпорын, бизнес құрылымдардың басшыларына өтініш жасадық. Ұсынысымызды қабылдап, 176 мекемеде 32 мың адамның жалақысы орта есеппен 10 пайызға көбейді. Мерекеге қатысты сол басшыларға тағы өтініш жасап, 36 мың азаматқа 3,5 млрд. теңгенің қосымша сыйақысы берілді»,-деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысының есебіне жиналған жұрт көп. Әрқайсысы мәселелерін айтып, биліктен қолдау күтетіндерін жеткізді. Араларында мүмкіндігі шектеулі балаларын көтеріп келген аналар да бар.
«Жолдасым 11 жыл бұрын қайтыс болды. Үш бөпем бар. Үшінші ұлымның мүмкіндігі шектеулі. Сізге үй мәселесімен келіп тұрмын. 10 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған едім. Әлі нәтиже жоқ»,-деді қала тұрғыны Жанар Әбдірзақова
Ақтөбе облысында 8 ақпаннан бері қоғамдық қабылдау жүріп жатыр. 4200 адам қабылдауға келген. 4700-ге жуық мәселе айтылған. Негізгілері – пәтер, жәрдемақы мен жер мәселелері.
«Үй заңға сәйкес беріледі. Пәтер кезегіне міндетті түрде тұру керек. Арнайы топ жұмыс жасап жатыр. Тексеріп қарайды. Егер шынымен пәтерге мұқтаж болса демеушілердің көмегімен қолдау беріледі. 10 жылдан бері кезекте тұрсаңыз, кішкене шыдаңыз. Кезек арқылы пәтер аласыз. Қоғамдық қабылдауда болған әр адам қолдаусыз қалмайды»,-деді Бердібек Сапарбаев.
Былтыр 33 мыңға жуық нашар тұратын көп балалы отбасыға көмек көрсетілген. 132 ата-анасыз қалған бала пәтерлі болды. 54 көп балалы анаға да баспана берілген. 2018 жылы Ақтөбеде 265 мың азамат түрлі көмек алыпты. Өңірде биылғы бюджеттің 50 пайызы денсаулық, мәдениет, әлеуметтік қорғау және білім салаларына бөлінген. Аз қамтылған отбасыларға жылына берілетін бір реттік жәрдемақы құны 70 мыңнан 140 мың теңгеге өседі.
«Көп балалы аналар үшін пәтерге қажетті алғашқы жарна субсидияланады. Биыл бюджеттен қосымша берілетін 2 млрд. теңгенің 500 млн. теңгесі көп балалы аналардың баспаналы болуына бағытталады. Ал жұмыссыз жүрген адамдар оқытылады. Оған біз 200 миллион теңге жұмсаймыз. Көп балалы отбасылардың балабақшаға баратын бүлдіршіндерінің тамағын біз 70 пайызға дейін төмендетеміз. Жергілікті бюджеттің есебінен төленеді. Оған 100 миллион теңге қарастырылады»,-деді облыс әкімі.