7 тілді меңгерген қазақ қызы әлем университеттерінен шақырту алды

18 Тамыз 2022, 16:57
2751
Бөлісу:
7 тілді меңгерген қазақ қызы әлем университеттерінен шақырту алды

7 тілді меңгерген қазақстандық түлек Ақтоты Асанова әлемнің екі университетінен шақырту алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Білім және ғылып министрлігінің телеграм каналы мәлімдеді. 

Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бейіндік мектебінің түлегі. Ағылшын, түрік, қытай, испан, француз, орыс, қазақ тілдерін жетік біледі. Енді 8-ші тіл – араб тілін үйреніп жүр.

Жас полиглот 15 жасынан Алматы қаласындағы тіл орталығында ағылшын тілінен сабақ беріп, тіл меңгеру әдістемесін қоса шыңдаған.

Абайдың 70-ке жуық өлеңін жатқа оқып, бірнеше рет республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Еңбекқорлығының арқасында Ақтоты Асанова шетелдік 2 бірдей жоғары оқу орнының грантын иеленді.

Атап айтсақ, Бейжің тіл және мәдениет университетінің Шетел филология факультетінің «Аудармашы» мамандығына (қытай, ағылшын) бөліміне (ҚХР, Пекин) мен Эге университетінің халықаралық қатынастар факультетінің «Экономика және бизнес» мамандығына (Түркия, Ізмір) түскен.

Ақтоты Эге университетін таңдап, енді тіл меңгерумен қатар экономика және бизнес саласына ден қоймақ.

Өзгелердің жаңалығы