Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «7-20-25» бағдарламасына қатысты айтылған сынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс отырысынан шыққан Дүйсеноваға журналистер: «Депутат Дәулет Мұқаев қазақстандықтар «7-20-25» бағдарламасына ілігу үшін пара беріп жатыр. Әлеуметтік секторға сіз жауап бересіз. Оның ішінде тұрмысы төмен қазақстандықтар да бар. Бәрі 7-20-25 бағдарламасымен үй алғысы келеді. Бұл Үкіметтің әлсіздігі ме? Қай жерде қате кетті?» - деп сұрақ қойды.
Қазір «7-20-25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банк жұмыс істейді. Ал Үкімет тарапынан тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 600 мың адам үй кезегінде тұр. Сол кезектегі адамдарға мемлекет тарапынан сатып алуға, жалдауға берілетін үйлер бар. Жыл сайын Үкімет бұл мәселені шешіп жатыр, - деп жауап берді Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол кезекпен берілетін үйлердің қандай санаттағы отбасыларға арналғанын түсіндірді.
Кезекпен берілетін үйлер сіз айтқан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек балаланы асырап отырған отбасыларға арналған, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Дәулет Мұқаев «7-20-25» бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналып бара жатқанын айтқан болатын.