7-20-25: Қостанай облысы несие беруден сегізінші орында

19 Сәуір 2019, 08:35
2281
Бөлісу:
7-20-25: Қостанай облысы несие беруден сегізінші орында

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінге дейін «7-20-25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге шамамен 2 млрд 989 млн теңгеге есептелген 421 өтінім түскен. Оның ішінде 273 өтінім (1 млрд 950 млн теңге) мақұлданған. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай облысы республикада сегізінші орында тұр.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсимбаевтың мәлімдеуінше, «7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірде 7 екінші деңгейлі банк: «Банк Центр Кредит» АҚ, «Қазақстан халық банкі» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Цесна Банк» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ жұмыс істейді.

«Айта кету керек, аталмыш бағдарламамен жаңадан тұрғызылған үйлерді ғана алуға болады. Осы жылы Юбилейный шағын ауданында 11 тұрғын үй салынып, бағдарлама арқылы 252 пәтер кілті табыс етіледі. Одан бөлек, екінші жартыжылдықта осы аудандағы 368 бюджеттік пәтерде қоныс тойы тойланбақ. Жалпы, кейінгі екі жылды қоса есептесек, «7-20-25» бағдарламасы аясында Қостанай қаласында 600-ден астам пәтер пайдалануға берілді», - деді Серік Бейсимбаев.

Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасының негізгі айырмашылығы – өз атыңыздағы баспананы сатып жібергеннен кейін бірден қатысуға мүмкіндік бар. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасындағы талапқа сәйкес, соңғы бес жылда атыңызға тіркелген баспана болмауы керек.


Өзгелердің жаңалығы