Сонау 2018 жылы Қазақстан нарығында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы пайда болған еді. Міне 4,5 жылдан кейін бағдарлама толық жабылмаса да, оған бөлінген 1 триллион теңге аяқталуға шақ қалды. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі пәтер алу қаншылықты қиындай түсетініне және нарықтағы үйдің бағасына үңіліп көрді.
«7-20-25» және Ұлттық банк
«7-20-25» бағдарламасы 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Жолдауы аясында пайда болған еді. Ондағы мақсат – әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері ұсыну. Әлеумет жағдайын көтеріп, ел тұрғындарына пәтер алуға сеп болатын бағдарламаға 1 триллион теңге бөлінді.
Бүгінде «7-20-25» бағдарламаның басталғанына 5 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қазақстандықтар банктерге жалпы 500 мыңға жуық өтінім түскен. Алайда қарыз оның 70 мыңға жуығына ғана берілген.
2022 жылы Ұлттық банк бағдарламаны тоқтатқысы келген, алайда президенттің араласуымен ол 2029 жылға дейін жалғасатын болды. Дегенмен бағдарламаға біраз өзгеріс енгізілді. Мәселен енді жылына тек 100 миллиард теңге бөлінеді, яғни әр 3 айға тек 25 миллиард теңге қарастырылған.
Осыған орай жыл басында несие алғысы келетін қазақстандықтар банктерге ағылды. Сол кезде адамдар біраз проблемаға тап болған еді. Мәселен банктер жаңа өтінімдер қабылдамай қойды, ал пәтерлерді салып бітіріп жатқан құрылысшылар адамдарды үйдің толық құнын сұрап асықтырды.
Ұлттық Банк 100 миллиард теңге лимитін «қазақстандықтар бір бағдарламаға байланбай, басқа да мүмкіндіктерді пайдалану керек» деп түсіндірді.
100 миллард теңге деген лимит бекіттік. Біздің ойымызша бұл оңтайлы шешім. Өйткені бұл коммерциялық банктерге түрлі нарық өнімдерін дамытуға мүмкіндік ашады. Ал бұл өз кезегінде «Отбасы банк» сияқты әртүрлі ипотека өнімдерін пайдалануға жол ашады. Осыған қоса жергілікті әкімдіктердің жеңілдік беретін бағдарламалары бар. Жеңілдетілген бағдарламаны бәріне тарата берудің жөні жоқ, көмек нақты адамдарға бағытталуы қажет. Мемлекет өзінің арнайы бағдарламалары мен фискалдық мүмкіндіктері арқылы нақты бір азаматтарға ғана тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесуі тиіс, - деді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, «7-20-25» сияқты бағдарламалар үй бағасының шарықтап кетуіне әсер етіп, қазақстандықтардың «пәтер аламын» деген арманын алыстата түседі. Осылайша адамдарға бастапқы жарнаны жинау жыл сайын қиынға соғып жатыр. Сөйтіп олар жеңілдетілген бағдарламаларға жүгінуге мәжбүр.
Ұлттық Банк біртіндеп барлық жеңілдетілген бағдарламаларды жауып, кейін жаңасын ашпауды жоспарлап отыр.
Естеріңізде болса, біз осындай бағдарламалардың барлығынан шығамыз деп бірнеше рет ескерткен едік. Осыған дейін 5 бағдарлама тоқтатылды. Биыл «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын аяқтаймыз. Ұлттық банктің ұстанымы келесідей: осындай бағдарламаларды барынша тез жапсақ, ел экономикасына соғұрлым жақсы. Өйткені олар эмиссиялық механизммен байланысы бар. Егер біз ақша-несие және фискал саясатты зор жауапкершілікпен жүргізбесек, онда баға шарықтап, инфляция халықтың әлеуметтік осал топтарының күнделікті табысын жей береді, ал орта тап өкілдерінің жинаған қаржысы құнсыздана бермек. Осы тұста пәтерлердің бағасы да өсе береді. Пәтер неғұрлым қымбат болған сайын, соғұрлым адамдардан алыстай түседі... Біз олардың осындай бағдарламаларын неғұрлым тез шықсақ, қазақстандықтарға соғұрлым жақсы болады, - деді Ғалымжан Пірматов.
Депутаттар мен министр не дейді?
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев осы мәселе бойынша премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал да жолдады. Оның айтуынша, халық арасында сұранысқа ие ипотека бағдарламаларының шарттарына назар аударып, қайта қарау керек.
Мәселен «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында берілетін кредиттің ең көп сомасы - 15 миллион теңге. Бүгінгі таңда жайлы баспана алуға мұндай ақша жетпейді. Егер 2019-2020 жылдары осы ақшаға 2 бөлмелі пәтер сатып алуға болатын болса, қазір тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты тек бір бөлмелі пәтер алуға болады. Бағдарлама бойынша ата-анасынан бөлек 4 баласы бар отбасылар көп балалы саналады. Осылайша кей отбасылар 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерлерде тұруға мәжбүр. Бағдарламаға өзгеріс енгізу керек, - деді депутат.
Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша енгізілген қаржыландыру лимиттерін алып тастау керек.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша шектеуді алып тастау қажет. Әйтпесе несие бәріне жетпей жатыр. Мыңдаған адам банктен келісімін алды, алайда лимитке байланысты үйлерінің кілтін ала алмай отыр, - дейді Дәулет Мұқаев.
Мәжілістің тағы бір депутаты Ринат Зайытов та бағдарламаның шектелгенін қолдамайды.
Құрылыс компаниясы болсын, тұрғын үй салу болсын ар жағында біреудің мүддесі бар. Егер ондай болмаса, біз баяғыда арендалық баспана деген бағдарламаны іске асырып тастаушы едік. Әйтпесе мыңдаған үй салынып жатыр. Мемлекет адамдарды қарызға тыға берудің орнына кеңістік беруіміз керек. Бір шенеуніктің басында жүздеген пәтері болды деген ақпарат та болды. Соларды қадағалап, бақылау керек. Жалпы мемлекет жоспарлап үйренуіміз керек, - деді ол.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша да «7-20-25» бағдарламасын тоқтатпау керек.
Меніңше, бағдарламаны жалғастыру керек. Адамдардан 600 миллиард теңге өтінім түскен. Бірақ Ұлттық Банк жыл сайын тек 100 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Әрине бұл жеткіліксіз, бірақ бюджет мүмкіндіктері де шексіз емес. Ақша бюджетке сәйкес бөлінеді, - деп айтты министр.
Сарапшылар мен экономистер не дейді?
Экономист Марат Қайырленов қазір кезекте тұрған немесе қаражат жинап адамдарға алаңдамай, кішкене күтуге кеңес берді.
Біріншіден, бағдарламаны қысқарту туралы жаңалық жылжымайтын мүлік бағасына қатты әсер етуі мүмкін. Баға төмендеп, тұрғын үй қолма қол ақшамен де, несие алу арқылы да қолжетімді бола түседі. Сонымен қатар жеңілдікті ипотекаға жоғары сұраныс жағдайында екінші деңгейдегі банктердің өзінен немесе квазимемлекеттік құрылымдардан жаңа тиімді бағдарламалар пайда болуы мүмкін. Біз екінші деңгейдегі банктердің бос капиталы бар екенін білеміз. Сол ақша халықты төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелендіруге жеткілікті, - дейді Марат Қайырленов.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасына шектеудің енгізілгені дұрыс шешім дейді. Негізі ол бағдарламаның толық тоқтатылғанын қалаған еді.
Соңғы 3 жылда бағаның 100%-ға өсуіне дәл осы бағдарлама себеп болды. Жеңілдікті ипотеканың негізгі пайдасын құрылыс бизнесі көрді, ал қарапайым адамдар қолжетімді тұрғын үйдің орнына «кедей салығына» тап болды. Жалпы «7-20-25» сияқты пайызы аз бағдарламалардың тоқтатып, олардың орнына нақты бір адамға көмектесетін мақсатты әрі атаулы бағдарламаларды дамыту қажет, - дейді сарапшы.
Құрылысшылар не дейді?
Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің мәліметінше, қазіргі кезде елімізде 4,5 миллионға жуық адам өз баспанасына мұқтаж.
Ипотекалық бағдарламалардың барлығы қысқарды. Олар дұрыс жұмыс істемейді, тек ресми түрде бар да, толық қаржыландырылмайды. «7-20-25» қысқартылып, оның орнынан басқа қаржы бағдарламалары енгізілмей отыр. Сондықтан халықтың қазір жағдайы қинай түсті. Осыған байланысты тұрғын үй нарығы да тұралап қалды, - дейді ол.
Оның айтуынша, құрылыс баяулап, осы салада жұмыс істейтіндер зардап шегіп жатыр.
Ипотекадан бөлек те себептер бар. Мысалы құрылыс материалдарының қымбаттауы, қымбат логистика, жұмысшылардың жетіспеушілігі. Мұның бәрі көптеген адамдарды жеке пәтер сатып алудан алыстатып, тек арман болып қалатынана себеп. Ал құрылысшылар осындай дағдарыс қаупінен банкрот алдында тұрғандай, - деп түсіндірді Талғат Ерғалиев.
Құрылыс саласының сарапшылары қалыптасқан жағдайдан шығуға көмектесіп, адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін бірнеше шешім ұснып көрді. Олардың айтуынша, жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жасап, құрылыс материалдарының бағасын реттеу керек. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің көлемін ұлғайтып, үй салушылар үшін кредиттерді субсидиялау қажет.
Пәтер бағасына не болмақ?
Сарапшылар соңғы жылдары тұрғын үй бағасының қымбаттауына барлығына арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар себепкер болғанын айтады. Сондықтан оларды барынша азайтып, құрылысшыларды нарық қатынастарына шығару қажет. Сол кезде сұраныс азайып, құрылыс саласын нарықтың өзі реттейтін болады. Бұл өз кезегінде пәтер бағасының арзандауына сәл де болса әсер етеді, алайда пәтер бағасы қатты төмендемей қоймайды.
Себебі Ұлттық статистика бюросының өткен мамырда ұсынған ақпаратынша, жылжымайтын мүлік бағасы бұрынғы деңгейде қалды.
Салынып жатқан үйлердегі шаршы метрдің орташа құны бұрынғыдай 486 мың теңге. Ал салынып қойған үйлердегі шаршы метр – орташа есеппен 505,7 мың теңге. Бағалардың осылайша өзгермегені 3 жылда бірінші рет болып тұр. Яғни нарық тұрақтала бастады.
Ал мамыр айында қазақстандықтар тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 25,6 мың шарт жасаған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 5,9 мың келісім шарқа аз. Осылайша биыл әр айда шамамен 24,2 мың пәтер алынып-сатылады. Мәселен былтыр бұл көрсеткіш 30,5 мың пәтер еді.
Көріп отырғанымыздай, пәтер бағасына қатысты әр тараптың өз көзқарасы бар. Оның қазақстандықтардың көптен күткен үйіне қол жеткізуге көмегі қандай екені де әлі біржақты емес. Себебі қазір пәтер сатушыларға қарағанда үйді сатып аламын дейтіндердің мерейі үстем болып отыр. Сондықтан нарықта пәтер бағысы тұрақталып, құрылыс компаниялары клиент үшін қолайлы жағдай жасайтыны анық.