Отбасы банк "Наурыз" бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды бес күн бұрын бастауға дайын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елде "Наурыз" атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайда хабарлады.
Бағдарлама операторы – Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) болады. Қаржы құрылымы жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосуға дайын. Мамыр айында қазақстандықтардың демалыс күндері көп болатындықтан, банкте өтінімдерді қабылдауды бес күн бұрын бастау туралы шешім қабылданды.
Өтінімдерді Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) 25 сәуірден бастап жолдауға болады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі екі ай, 30 маусымға дейін (қоса алғанда) жалғасады.
"Наурыз" бағдарламасының шарттары:
- алғашқы жарна - 20%-дан бастап;
- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
- азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
- несие мерзімі - 19 жылға дейін.
"Наурыз" бағдарламасына барлық қазақстандықтар қатыса алады, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдері, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, Отбасы банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары.
Бағдарламаға қатысу туралы өтінім беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
1. Отбасы банкінде депозит ашу (жоқ болған жағдайда). Маңыздысы, салым мерзімі ескерілмейді;
2. Отбасы банкіндегі жинақ шотында кемі 1 млн теңге қаражаттың болуы. Бұл соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға болады;
3. Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауын тексеру. Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоқтығы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғын тексермейді;
4. Соңғы 6 айда ресми табыстың болуы.
Кірістерге еңбек қызметінен түскен жалақы, кәсіпкерліктен түскен пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша түскен табыс, стипендия және тұрғын үй төлемдері кіреді. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол кепілгер болатын екі қарыз алушыны (туысқандық қатынастың болуы міндетті емес) тарта алады.
"Наурыз" бағдарламасын іске асыру үшін қаражат қаржы нарығынан тартылады. Банк жыл сайын, 8 жыл бойы жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге облигациялық заемдар шығаратын болады. Бірінші жылы 300 млрд теңгеге, кейінгі жылдары 200 млрд теңгеден шығару жоспарлануда. Бағдарламаға қажетті қаражатты екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары және басқа да әлеуетті инвесторлардан құралуы ықтимал, кең ауқымы инвесторлардың арасында тарту жоспарлануда. Бұл жеке қаржы секторының қаражатын Қазақстан азаматтарын, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты мемлекет үшін маңызды әлеуметтік міндетті шешуге бағыттауға мүмкіндік береді. Тартылған қаражат нарықтық жағдай бойынша қарызға алынатындықтан, мемлекет банк шығарған облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялайды деп болжануды. Бұл өз кезегінде бағдарламаға қатысушыларын қолдап, оларға жеңілдетілген шарттармен, яғни 7% (ЖТСМ 7,3% бастап 8,9% дейін) - 9% (ЖТСМ 9,3% бастап 11,8% дейін) мөлшерлемемен заем беруге мүмкіндік береді.
Бағдарлама 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздің 68 000 азаматын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Биылғы жылдың өзінде 12 мың қазақстандық баспаналы болады деп жоспарлануда.
"Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:
- алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;
- моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.
Заемның ең жоғарғы мөлшері:
- Алматы мен Астана қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін.
- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.
Сондай-ақ, бір несие аясында баспананы жөндеу жұмыстарына да ақша алуға да болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс.
Бағдарламаға қатысушы пәтерді Баспана маркет порталынан таңдап, брондап, сатып ала алады (otbasybank.kz). Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.
Әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын, тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.