Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құрманғалиев Мұрат Әбікенұлы мен Есенбаева Күлшекер Сейітқызы 7 баланы тәрбиелеп, олардан 15 немере 10 шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
1938 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген Мұратбек ата 40 жылдан аса уақыт слесарь болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Оның жан жары Күлшекер апа ШҚО-ның Марқакөл ауданында дүниеге келген. 7 баланы дүниеге әкеліп, 30 жылдан аса уақыт аспаз болып еңбек еткен жан. Күлшекер апа - Алтын алқа иегері.
Жақында ғана гауһар тойын тойлаған жұптың балалары да жоғары білім алып, елге еңбек етіп жүрген азаматтар. Балаларының бірі энергетика, бірі қаржы, бірі медицина, енді бірі білім саласында еңбек етеді.
Күлшекер апа мен Мұрат атаның жастарға айтары көп.
Жастар тату-тәтті өмір сүру үшін бір-бірін сыйлап, бағалай білгені жөн. Бірі шалқайғанда, екіншісі еңкейсін. Өмір болғасын оның ащысы мен тұщысы қатар жүреді. Екеулеп соны көтере білген ерлі-зайыптылардың сыйластығы да жыл артқан сайын өсе береді. Ер –азаматын сыйлаған халықпыз, сондықтан ер адам қашанда бір қадам алда жүрсін. Ал ер азаматтар болса арақ-шарап мен темекіден аулақ болсын, - дейді «Алтын алқа иесі» Күлшекер апа.
Мұрат ата кезінде келіншегін ұшақпен алып қашқанын немерелеріне ертегідей айтып беріп отырады.
Кезінде Марқакөл ауданындағы Боран ауылы мен Зайсан қалашығы арасында ұшақ қатынайтын. Мен апаларыңды 18 жасында осы ұшақпен алып қаштым, - деп езуінен жымияды Мұрат ата.
Немерелерінен 10 шөбере көріп отырған бақытты қариялардың оларға берер үлгі-өнегесі зор. Келгенде әрқайсысына тәтті жылы-жұмсағымен қатар, батасын беріп шығарып салады.
Қарты бар үйдің қазынасы бар. Біздің әке-шешеміз бар тәлім-тәрбиесін бізден аяған жоқ. Енді бейнетінің зейнетін көріп отырған шағы. Осы жарасымдылық ұзағынан болғай, -деп ықыласын білдірді балалары.