Алты жасар Хадия Кунаева Қазақстан Президентінің атынан сыйлық иегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Хадия Кунаева Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде 11:0 есебімен таза жеңіске жеткен болатын.
Бүгін зор қуанышпен джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған 6 жасар Хадия Кунаевамен кездесіп, Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты мен сыйлық табыстап, жеңісімен құттықтадым, - деп жазды Павлодар облысының әкімі Асайын Байқанов.
Жерлесіміз Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде 11:0 есебімен таза жеңіске жетіп, әлемге Қазақстанның өскелең ұрпағының рухы мен талантын көрсете білді.
Жастайынан осындай жоғары жетістіктерге жету - бұл табанды еңбектің нәтижесі. Жас спортшыны өзінің әкесі, жаттықтырушы, спортшы, "Sam Team" клубының негізін қалаушы Самат Кунаев жаттықтырады. Бір қызығы, әкесінің спортпен шұғылдануына омыртқа ауруы себеп болған және табанды жаттығулардың арқасында денсаулығын қалпына келтірген. Әкенің үлгісі балаларын шабыттандырып, бүгінде олардың барлығы спорт шеберлері.
Жеті баласының алтауы жекпе-жекпен айналысатын отбасы - спорттық тәрбиенің, тәртіптің және отбасылық құндылықтардың үлгісі. Хадияның алтын медалі - бұл сіздің отбасыңыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Хадияға және жақындарына мықты денсаулық, жаңа жеңістер мен жетістіктер тілеймін, - деді өңір басшысы.