Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алдағы бірнеше жылда шамамен 6 млрд доллар қаржы тартуды жоспарлап отыр. Қаражат көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру жобаларына бағытталмақ. Құрылтай отырысында бұл жоспарды таныстырған Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттің сыртқы қарызы 8,4 трлн теңге екенін, ал мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 20,9%-ын құрайтынын айтқан еді.
Мұндай көлемдегі қаржы ел экономикасына қаншалықты серпін береді? Оны қайтару бюджетке салмақ түсіре ме? BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарды экономистер Айбар Олжай мен Бауыржан Ысқаққа қойды.
Ең алдымен жоспарланған қаржы көлемі мен мемлекет мойнына алынған нақты міндеттемені ажырату қажет.
6 млрд доллар бірден қарызға айналмайды
Бауыржан Ысқақтың айтуынша 6 млрд доллар – бірнеше жыл ішінде қаржыландырылуы мүмкін жобалардың көлемі. Әр жобаға жеке келісім жасалып, қаржы тартылған сайын ғана оны өтеу міндеттемесі пайда болады.
Бұл ақша бір күнде бюджетке түсіп, бірден қарызға айналады деген сөз емес. Нақты жобалар бойынша қарыз келісімдері жасалған сайын ғана міндеттеме қалыптасады, – дейді экономист.
Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мәліметінше, Қазақстанмен жасалған ынтымақтастық жоспары 2029 жылға дейін 6 млрд долларға дейінгі инфрақұрылымдық инвестиция тарту мүмкіндігін қарастырады. Демек, бұл сома толық көлемде беріліп қойған қарыз ретінде есептелмейді.
Ішкі қарыз қымбат, бірақ сыртқы қарыздың өз тәуекелі бар
Ал Айбар Олжай халықаралық қаржы институттарынан қарыз тартудың басты артықшылығы ретінде пайыздық мөлшерлеменің салыстырмалы түрде төмен болуын атайды. Оның сөзінше, Қазақстанның ішкі нарықта облигация шығарып қаржы тартуы әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін.
Қазақстан ішінен қарыз алса, оның пайызы 15-16% болуы мүмкін. Ал сыртқы қарыз шамамен 3-4% деңгейінде тартылса, пайыздық төлемнің қысымы төмен болады, – дейді ол.
Дегенмен Бауыржан Ысқақ қарыздың тиімділігін тек пайызымен бағалауға болмайтынын ескертеді. Келісімдегі мөлшерлеменің тұрақты не өзгермелі болуы, өтеу мерзімі, төлемді кейінге қалдыру кезеңі, комиссиялар және қарыз валютасы да маңызды.
Төмен пайызбен долларлық қарыз алу сырттай тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ теңге әлсіресе, оны теңгемен өтейтін бюджет үшін нақты жүктеме өсуі ықтимал, – дейді ол.
Сондықтан экономистің сөзінше 3-4% мөлшерлеме барлық болашақ келісімге ортақ шарт ретінде қабылданбауы керек. Әр жобаның қарыз құны келісім жарияланғаннан кейін ғана нақты бағаланады.
Қарыз экономикаға қалай қайтады?
Айбар Олжайдың Қазақстанға қазір көлік және энергетика инфрақұрылымын дамыту қажеттігін айтады. Теміржолдар мен порттардың өткізу қабілеті артса, ел халықаралық жүк тасымалынан көбірек табыс таба алады. Ал жаңа энергия қуаттары өндіріс пен технологиялық жобаларды орналастыруға мүмкіндік береді.
Қай ел өзінің көлік-логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымын тезірек дамытса, кейін сол салалардан көбірек қайтарым ала алады. Қарыздың мәні де болашақта жұмыс істейтін нысандарды қазір салу, – дейді экономист.
Ол Достық – Мойынты теміржолын, құрғақ порттарды, Ақтау мен Құрық порттарын дамытуға қаржы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ электр энергиясына сұраныс деректер орталықтары мен жасанды интеллект технологиялары дамыған сайын өсе түсетінін айтады.
Экономист Бауыржан Ысқақ та қолдады. Ол қарыздың нәтижесі ең алдымен қаражаттың қайда жұмсалғанына байланысты екенін жеткізді. Оның пікірінше, көлік дәліздеріне, энергетикаға, сумен қамтуға және өндірістік инфрақұрылымға салынған қаржы экономиканың өнімділігін арттыруы мүмкін.
Бір миллиард доллар қарыздың өзі экономикаға үлкен пайда да, тиімсіз шығын да әкелуі мүмкін. Бәрі жобаның қайтарымына байланысты, – дейді ол.
Бюджетке түсетін салмақты қалай бағалаймыз?
Қазіргі мемлекеттік қарыз деңгейін Қазақстан үшін қауіпті деп санауға болмайды дейді экономистер.
Қарызға алынған қаражат жаңа табыс пен экономикалық өсім әкелетін жобаларға жұмсалса, оны «дамуға алынған қарыз» ретінде қарастыруға болады, – дейді Айбар Олжай.
Алайда жобаның экономикалық пайдасы оның қарыз төлемдерін өз кірісімен толық өтейтінін автоматты түрде білдірмейді. Мәселен, жол жүк тасымалын жылдамдатып, бизнес шығынын азайтуы мүмкін, бірақ қарыз бойынша негізгі борыш пен пайызды өтеу тәртібі бәрібір келісімде белгіленеді. Егер жоба күтілген нәтиже бермесе, төлем бюджетке қосымша салмақ түсіреді.
Сондықтан әр келісім бойынша жеті мәселеге қарауды ұсынылады.
Пайыздық мөлшерлеме, өтеу мерзімі, жеңілдік кезеңі, валюта, комиссиялар, мерзімінен бұрын өтеу шарттары және қаржыландырылатын жобаның қайтарымы. Қарыздың құнын бағалағанда тек бастапқы пайызға емес, бүкіл мерзім ішіндегі төлемдерге қарау қажет, – дейді экономист Бауыржан Ысқақ.