СҚО. Үш сағатта 57 мыңнан астам тұрғын дауыс берді

9 Маусым 2019, 11:49
1735
Бөлісу:
СҚО. Үш сағатта 57 мыңнан астам тұрғын дауыс берді
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, «BAQ.KZ» тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тіркелген 663 сайлау учаскесінде 48 шетелдік бақылаушы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ТМД бағыты бойынша Ресей Федерациясының Қорған және Түмен облыстанынан 26 адам келді. 

Петропавл қаласы бойынша тұрғындарды 93 сайлау учаскесі қабылдауда. Зейнеткер Ажар Арғымбаева елімізде болып жатқан саяси жаңалықтарды үнемі бақылап, ой елегінен өткізіп отыратынын айтады. Тұтас мемлекеттің тарихына әсер ететін науқанға қатысуды парыз деп білетін зейнеткер өзі таңдаған үміткерге дайыс берді.

СҚО. Үш сағатта 57 мыңнан астам тұрғын дауыс берді

«Мен Петропавлға Есіл ауданынан көшіп келдім. Бұған дейін ауылда сайлаудан қалмайтынмын. Бүгін алғаш рет қалада дауыс бердім. Елімізде тыныштық болсын. Жасым 72-де. Балаларымның, немерелерімнің болашағы үшін сайлауға қатысамын», - деді Ажар Жүнісқызы.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 402 506 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру науқанын қадағалау мақсатында РФ Қорған облсынан келген маман Елена Дружинина халық белсенділігін ерекше атап өтті.

«Мен бұған дейін 2017 жылы Қырғызстанда Президент сайлауына қатыстым. Бүгін Қазақстанға жолым түсті. Күні бойы бірнеше сайлау учаскесіне барамын. Әзірге ешқандай олқылық көрген жоқпын. Жақсы дайындық жасалған. Бәрі халықаралық талапқа сай, заң бойынша өтіп жатыр. Халықтың белсенділігі қуантады. Сағат 7:00-ден адам толастамай жатыр. Бәрі жақсы болады деген үміттемін», - деді ол.

Таңғы 7:00 мен 10:00 аралығында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 57 175 адам дауыс беріп үлгерді. Бұл сайлауға қатысатын тұрғындардың 14,2%-ын құрайды.
Өзгелердің жаңалығы