56 жыл жөндеу көрмеген трамвай жолдары қалпына келтіріледі

12 Сәуір 2020, 21:07
1487
Бөлісу:
56 жыл жөндеу көрмеген трамвай жолдары қалпына келтіріледі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыстың бас шаһарында жарты ғасырдан астам уақыт бойына жөндеу көрмеген трамвай жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Биыл Өскемен қаласындағы трамвай жолдарының 1,5 шақырымға таяу бөлігі толықтай ауыстырылады. Осыған дейін 56 жыл бойы жөндеу көрмеген бұл жолдардың бүгінде әбден тозығы жеткен. Оның бір көрінісі - рельстен жиі тайқып кететін трамвайлар. Жергілікті биліктің жоспарына сәйкес жөндеу жұмыстары Өскемен вокзалы және Защита тұрғын аудандарындағы қос айналма жолды қалпына келтіруден басталмақ көрінеді. Сонымен қатар, трамвай жолының Қабанбай батыр көшесінен Сағадат Нұрмағамбетов көшесіне дейінгі аралығы қолға алынады.

Бұл жолдар соңғы 56 жыл жөндеу көрмеген. Бұл дегеніміз бір адамның ғұмырына парапар уақыт қой. Қазір аталған жолды жөндеуге 200 миллион теңгеден астам қаражат беріліп отыр. Енді осы қаражатқа жол жөнделіп, қалпына келтірілетін болады, - деді жөндеу жұмыстарының басталғанын көзімен көріп қайтуды ұйғарған облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, бүгінде трамвай жолдарындағы апаттық жағдайда тұрған 12 стрелка кешені ауыстырылады. Осылайша, трамвай көлігіне қатысты жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы аталмыш көлік түрінің пайдасын арттыра түсу көзделуде.
Өзгелердің жаңалығы