АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында жалпы көлемі 557 млрд доллар болатын 242 инвестициялық келісімнің жасалуы халықаралық ақпарат кеңістігінде үлкен резонанс тудырды. Ауқымды мәмілелер пакеті жаһандық саясат пен экономикадағы күштер теңгеріміне қалай әсер етуі мүмкін деген сұрақты күн тәртібіне шығарды. Алайда сарапшылар бұл үдерісті сенсациядан гөрі бұрыннан қалыптасқан геосаяси және экономикалық тәжірибенің жалғасы ретінде бағалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АҚШ пен Сауд Арабиясы 557 млрд долларлық 242 инвестициялық келісімге қол қойғаны белгілі. Ауқымды келісімдер пакеті халықаралық ақпарат кеңістігінде кеңінен талқыланып, оның жаһандық үдерістерге ықпалына қатысты түрлі пікір айтылып жатыр.
Ірі келісімдер – қалыптасқан тәжірибе
Халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Таир Нигмановтың айтуынша, бұл келісімдерді түбегейлі жаңа немесе күтпеген құбылыс ретінде қабылдауға болмайды.
Өзі жеке алғанда бұл аса бір үлкен өзгеріс алып келетін нәрсе емес, яғни сіз бұрын көрмеген, мүлде жаңа құбылыс деп айтуға болмайды. Себебі кез келген сапар, әсіресе Трамптың Сауд Арабиясына жасаған сапары, естеріңізде болса, Таяу Шығыс турнесі оның президент ретіндегі ең алғашқы шетелдік сапары болған. Мұндай сапарлардың бәрі орасан келісімдермен бірге жүреді. Тек қана әскери-өнеркәсіп кешені саласындағы әріптестіктің өзі бірнеше жүз миллиард долларға жетуі мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, мұндай келісімдер АҚШ–Сауд Арабиясы қарым-қатынасында бұрыннан қалыптасқан өзара іс-қимылдың бір бөлігі саналады.
Трамп факторы және араб мемлекеттерімен ынтымақтастық
Таир Нигманов Дональд Трамптың араб мемлекеттерімен ынтымақтастыққа ерекше мән беруін олардың қаржылық әлеуетімен байланыстырады.
Жалпы Дональд Трампқа араб мемлекеттерімен жұмыс істеген ұнайды, өйткені ол елдерде ақша бар, яғни осындай көлемді келісімдер жасауға мүмкіндік бар. Ал Трамп, белгілі болғандай, дабыралы тақырыптарды, үлкен сомаларды жақсы көреді. Бұл біз оның бірінші президенттік мерзімінде де көрген нәрсеміз, – дейді сарапшы.
Сарапшының пайымдауынша, ірі сандар мен көлемді мәмілелер Трамптың саяси стилінің ажырамас бөлігіне айналған.
Сенсация емес, логикалық жалғастық
Сарапшы дәл Дональд Трамп билік еткен кезеңдерде, әсіресе әскери-өнеркәсіп кешені саласында, ең ірі келісімдерге қол қойылғанын алға тартты. Сондықтан қазіргі жағдайды ерекше сенсация ретінде қарастыру орынсыз.
Дәл Трамп билік еткен жылдары, мысалы, әскери-өнеркәсіп саласында ең ірі келісімдер жасалды. Сондықтан мұнда таңғалатын немесе жаңа деп айтар ештеңе жоқ. Араб елдері мұндай ауқымды келісімдер жасай алады, ал АҚШ бұған тек қуанады, – деді Таир Нигманов.
Осылайша, АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы 557 млрд долларлық келісімдер жаһандық саясаттағы қалыптасқан тәжірибенің жалғасы ретінде бағаланып отыр. Сарапшының пікірінше, бұл мәмілелер жаңа геосаяси бетбұрыстан гөрі, бұрыннан бар экономикалық және саяси өзара іс-қимылдың логикалық жалғасы болып саналады.