524 мың қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алады

3 Желтоқсан 2021, 16:08
1369
Бөлісу:
524 мың қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік бюджеттен 486 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанда 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%).

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет тұрақты негізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша шаралар қабылдауда. 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, биыл осы мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде тіршілік әрекетінің барлық бағыты бойынша кешенді шаралар қабылдануда, –дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Министрдің айтуынша, биыл 10 айдың ішінде республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 257,9 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны - 524,5 мың адам.  МӘЖ-дің орташа мөлшері - 48 690 теңге.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Жыл басынан бері портал арқылы 266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам ОТҚ, 6 мыңнан астамы – ымдау тілі қызметін, 33 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 55 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық ем алды, – деп толықтырды Серік Шәпкенов.

Өзгелердің жаңалығы