Өткен тәулікте Жер шарындағы ең төмен температура Саха Республикасы (Якутия) аумағында тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Покровск қаласында, Сухана метеостанциясында және Крест-Хальджай ауылында ауа температурасы ең төмен деңгейге түскен. Бұл туралы Ресейдің Гидрометорталығы мәлімдеді.
Әлемдік «топ-3»-ті Якутиядағы Покровск қаласы бастап тұр: мұнда метеостанция −51,7 градус аязды тіркеді. Екінші орында республикадағы Оленек ауданында орналасқан Сухана метеостанциясы (−49,4 градус), ал үшінші орын Крест-Хальджай ауылына тиесілі — онда аяз −48,7 градусқа дейін күшейді, — деді ТАСС агенттігінің дереккөзі.
Сонымен қатар Ресейдің Гидрометорталығы соңғы тәулікте әлемдегі ең ыстық нүктелер рейтингіне де тоқталды. Онда екі орын Австралияға, тағы бір орын Оңтүстік Африка Республикасына тиесілі болған.
Австралияның батысындағы Телфер елді мекенінде ауа температурасы +44,1 градусқа дейін көтерілді. Сидней әуежайында сынап бағанасы +42,6 градусқа жетсе, Оңтүстік Африкадағы Апингтон қаласында метеостанция +39,2 градус ыстықты тіркеді, — деп нақтылады агенттік өкілі.
Синоптиктер Мәскеу өңіріндегі ауа райы көрсеткіштерін де атап өтті. Мәскеу облысы аумағында кеше ең жылы күн шығыста орналасқан Черусти кентінде тіркеліп, ауа температурасы +1,6 градус болды. Ал Кашира қаласында өткен түн өңір бойынша ең суық болып, термометр бағанасы −3,2 градусқа дейін төмендеген.