Бүгін елімізде Еңбек күні аталып өтіп жатыр. Бұл - нағыз еңбек адамына алғыс жаудыратын күн. Елімізде аянбай еңбек етіп жүрген отандастарымыз аз емес. Солардың бірі - агрохимик Базарбай Қарағаев, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Базарбай Қарағаев - Ақмола облысының «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ агрохимигі.
Ол 1968 жылы Ақмола облысында туған. Биыл тынбай еңбек етіп жүргеніне 51 жыл болды. Қажырлы еңбегінің арқасында 22 қыркүйек күні атаулы күнге орай өткен жиында Базарбай Қарағаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
- Сұқбатымызды өзіңіздің еңбек жолыңыз қалай басталғаны туралы сұрақтан бастасақ...
Ол 1968 жылы Ақмола облысында дүниеге келдім. Еңбек жолын 1972 жылы тамыз айында бастадым. Биыл еңбек етіп жүргеніме 51 жыл болды.
10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін бір жылдай қарапайым жұмыс істедім. Кейін 2 жыл әскер қатарында борышымды өтедім. Әскер қатарында да әскери қызметіміз жаман болған жоқ. 19 жасымда танк взводының командирі болдым. Яғни аға лейтенант.
Кейін Целиноград ауылшаруашылығы институтына оқуға түстім. Бір тобымызды Қостанай филиалына ауыстырды. Сөйтіп 1981 жылы Қостанай ауылшаруашылығы институтын бітіріп шықтым. Агрономия факультеті бойынша. Содан жолдамамен Ақмола облысы Рузаев ауданындағы Уәлиханов совхозына келдім. Директорымыз сол кезде жоғарғы кеңесте депутат, ауылшаруашығы ғылымдарының кандидаты болды. Өте мықты мектептен тәжірибе алдық. Содан бері кеңшарларда агроном, бас агроном болып қызмет еттім. Бас агроном болып жұмыс істеп жүрген кезде Бараев институтымен бірлесе жұмыс істеп, кеңшарымызды тұқым шығаратын қожалыққа дейін көтердік. 1995 жылдан бастап тығыз байланыста болдық. Кейін институтымыз екіге бөлінгеннен кейін мен агрохимия қызметінде қалдым.
Биылғы шілдеде агрохимия қызметінің қалыптасқанына 21 жыл болды. Ал мен еңбеу жолымның 12 жылын осы салаға арнадым.
Сараптама жасап қарасақ, Көкшетау комплексінде 1 млн 804 мың гектар жер топырағының құнарлығын тексерген екенбіз. Әлі де жұмыс істеп келемін. Қазір зейнеткермін. 5 жыл болды.
- Агроном болу оңай ма?
- Жалпы ауылшаруашылығында маман болу үшін жердің шығу керек деп жатады. Ауылда тұрып, ауылда өсіп, жұмысты кіндік қаны тамған жерден бастау керек. Кішкентаймыздан үлкендердің істеп жатқаны жұмысын, егіннің арамшөбін жұлғанын көріп өстік. Соған қарап осы салаға қызығушылық пайда болған болар... «Агроном боламын» деп әскерде қалмай келдім. Содан бері жұмыс істеп келеміз. Ешқандай өкінішім жоқ.
Қай жерде, қай заманда болмасын жұмыстың оңайы жоқ. Ақыл тыңдайтын жастарға айтар ақылымыз, көрсететін жұмыстарымыз әлі де бар.
Мал шаруашылығын азықпен қамтамасыз ету үшін жаңадан бағдарламалар бар. Оған өз тәжірибемізді қосып жатырмыз. Технология жайында айтамыз. Өйткені көбі ол жайлы біле бермейді. Мысалы, қазіргі қожалықтардың көбінің қожалары басқа саланың мамандары. Ақыл-кеңесіміз қажет болса, қуана бөлісеміз.
Жер мәселесі жайлы айтып жүрміз. Қазір жердің бұзылып, шашылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Жер эррозиясы, су эррозиясы - өте өзекті мәселелер. Соған қарсы тұруымыз қажет. Елдімекендерді аралап жүргенде айтып, түсіндіреміз. Оны қабыл алып жатқан қожалықтар бар.
- Осы саладағы еңбек өтіліңіз қанша жыл?
- Еңбек еткеніме 51 жыл болды. Міне 52 жылға кетіп бара жатыр.
- Алғашқы айлығыңыз қанша теңге болды?
- 1972 жылы жұмыс істей бастағанда 52 рубль (Кеңес кезеңінде) болған. Ал осыдан 12 жыл бұрын 35 мың теңгеден бастадық. Кейін бірте-бірте көтерілді. Бірақ қазір де көтеріліп жатқаны шамалы. Бірақ біз өз мамандығымызға берілгендіктен жұмысты істеуді жалғастырып келеміз.
- Әулетіңізде өзіңізден үлгі алып, агроном болған жастар бар ма?
- Кеңшарда жұмыс істеп жүрген кешкі агрономиялық сабақтар жүргіземіз. Оған қоса, мектепте жоғары сыныптың балаларымен жүмыс істейміз. Олардың арасында біздің жолымызды қуып, агрономия факультетіне түскен 4 адам бар. Екеуі Ресейге кетті, екеуі елімізде жұмыс істеп жатыр.
Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым құрылыс саласында, ал қызым банк, яғни қаржы саласында жұмыс істейді.
- Қазіргі жастар еңбекке келгенде жалқау емес пе?
- Әртүрлі адам бар. Жастарды жастайынан еңбекке құштарлығын ояту керек. Мектепте еңбек сабағын бергенде мамандарды шақырып, баланың ынтасын ашу қажет. Сонда ғана баланың қызығушылығы ояна бастайды. Ал егер кездесулерді атүсті өткізіп, нақты жетістіктерді айтпасақ, мақсатымызғп жету мүмкін емес.
- Жастардан не күтесіз?
- Сіздер - біздің болашағымызсыздар. Беріліп еңбек ету қажет. Қазақстанның болашығын тек Орталық Азияда ғана көшбасшы емес, әлемде экономикасы дамыған, мықты, мәдениеті күшті, өзін жұмысымен, еңбегімен көрсете алатын мемлекет ретінде көремін. Әр нәрсенің өз орны бар. Қазір жағдай қалыптасқан сияқты. Жастар Қазақстанның дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін.
- Еңбек күні құтты болсын! Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет.