Қарағанды облысында ұзақ жыл бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан маман бар. Ол 51 жылдық еңбек жолында ешқандай марапат алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, "Ауыл" партиясының төрағасы Серік Егізбаев Самарқанд ауылындағы жаңадан ашылған амбулаторияның қызметімен танысты.
Сол жерде медицина саласында 51 жыл бойы адал еңбек етіп келе жатқан Жұмакүл Әшімқызы Әлкееваның осы күнге дейін ешқандай марапат алмағанын естіген депутат бұл жайтқа бей-жай қарай алмады. Таңданысын жасырмай, құрмет көрсету бастамасын өз қолына алды.
51 жыл... Қазір елімізде бір салада ұзақ жыл бойы еңбек ететіндер аз. Бірақ 51 жыл бойы тоқтамай, адамның денсаулығына қарап жүрген маманның бірде-бір марапаты жоқ екен. Бұл – дұрыс емес, - деді депутат.
Арада бір күн өтпей-ақ, Серік Егізбаевтың ұсынысы және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың тікелей қолдауының нәтижесінде Жұмакүл Әшімқызына "Еңбек ардагері" медалі табысталды.