Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Хорезм облысының Үргеніш қаласында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ӨР премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөз өткізді.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның Аймақаралық ынтымақтастығының ІІ форумына қатысты.
Біздің көшбасшыларымыздың саяси көрегенділігінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік сапалық тұрғыда жаңа деңгейге жетті, — деді А. Мамин.
Қазақстан Үкіметінің басшысы екіжақты сауда айналымын одан әрі ұлғайту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар қазіргі өзара мүдделерді белсенді жүзеге асыру және жаңа бағыттарын іздестіру қажеттігін көрсетіп отырғанын айтты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, тоқыма, машина жасау, туристік, экологиялық салаларда, сондай-ақ қаржы технологиялары мен аймақаралық ынтымақтастық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту келешегі талқыланды.
А. Мамин мен А. Арипов "Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы" тақырыбындағы ҚР мен ӨР Аймақаралық ынтымақтастығының II форумының қорытынды отырысына қатысты, шараға 300-ден аса адам — мемлекеттік органдардың, өңірлердің басшылары мен екі елдің іскерлік орта өкілдері жиналды.
ҚР Премьер-Министрі Шымкент қаласындағы "Оңтүстік" АЭА базасында жеңіл өнеркәсіп бойынша Қазақстан-Өзбекстан кластерін құру, Түркістан, Ташкент, Самарқан, Бұхара және Хорезм облыстарындағы туристік нысандар бойынша бірлескен туристік бағыттар ашу, көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтарды бірлесіп дамыту бойынша бастамалар көтерді.
А. Мамин екі елдің транзиттік-көлік және логистикалық салалардағы ынтымақтастығына ерекше назар аударды.
Қазақстан үшін сіздің ел – Оңтүстік Азияға шығу жолы, Өзбекстан үшін біздің аумақ – ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ бен Еуропа елдерінің нарығына шығу мүмкіндігі, — деді ол.
А. Мамин "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізінің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Форум соңында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы 52 құжатқа, оның ішінде Форумның Қорытынды декларациясына, сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, қаржы-банк, өнеркәсіп, инфрақұрылым, фармацевтика және басқа да салаларда жалпы сомасы $500 млн жуық болатын ведомствоаралық, аймақаралық және коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Форум екі елдің іскерлік орта өкілдеріне B2B (business-to-business) форматында кездесулер өткізіп, арнайы ұйымдастырылған көрмеде өздерінің өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерін паш етуге мүмкіндік берді.