"50 жыл намаз оқымаса, 18 млн төлеуі керек" – дінтанушы түсіндірді

Кеше, 17:38
2466
Бөлісу:
"50 жыл намаз оқымаса, 18 млн төлеуі керек" – дінтанушы түсіндірді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұл сұраққа Белгілі исламтанушы, теолог Мұхиддин Исаұлы жауап берді. Оның айтуынша, қоғамда діни ұстанымдарға қатысты дақпырт сөздер көбейіп бара жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде белгісіз имамның "Қайтыс болған адам 50 жыл намаз оқымаса, оның баласы 18 млн теңге өтеуі керек" деп айтқан видеосы тарады.

Оқылмаған намаз үшін садақа берілмейді. Ол тек қаза болып қалады. Сондықтан намаз оқымаған адамның қазасы өтелмей тұра береді. Қайтыс болған кісінің орнына садақа беріп, оның намазын жауып тастау мүмкін емес, – дейді ғалым.

Сондай-ақ, теолог қоғамда діни білімнің саяздығы түрлі негізсіз пікірлердің таралуына алып келгенін айтады.

"18 миллион теңге садақа беріп, намаздың өтеуін жабуға болады" немесе "8 мың доллар беріп, жұмаққа кіруге болады" деген әңгімелер шындыққа жанаспайды. Әйтеуір бәрі айтқыш болып кетті. Математика, химия немесе физиканы сұрасаң, ләм демейді, ал дінді айт десең, бәрі білгіш-сымақтар. Ең өкініштісі – мұндай жастар көбейіп бара жатыр, – деді Мұхиддин Исаұлы.

"Қоғамға мықты ғалымдар қажет"

Исламтанушы дінге қатысты жалған ақпараттардың таралуын тоқтату үшін мықты ғалымдар тобын құру керегін атап өтті. Оның айтуынша, бұл істі мемлекет те қолдауға тиіс.

Өзбекстанда "Мұхаммед" атты мықты ғалым болды. Оны мемлекет қолдап, жұртты артынан ертті. Бізге де сондай 10 шақты білімді адам қажет. Әлеуметтік желіде жүрген жасанды ғалымдар емес, шынайы мамандарды шығару керек. Өкінішке қарай, шынайы мамандар бар болғанымен, оларды ешкім танымайды. Ал керісінше, білімі жоқ адамдар елге дінді түсіндіріп жүр, – дейді ол.

"Дінді бұрмалау – діннің жауы"

Біреулері "тозаққа барасың" деп қорқытса, енді біреулері дінді әзіл-ысқаққа айналдырып, жеңіл түрде насихаттауға тырысады. Бұлардың бәрі – діннің жаулары, – деп түйіндеді Мұхиддин Исаұлы.

Исаұлының пікірінше, қоғамдағы діни мәселелерді шешу үшін нақты ғылыми көзқарасы бар мамандарды даярлап, олардың білімі мен тәжірибесін халыққа дұрыс жеткізу қажет.

Өзгелердің жаңалығы