Қазақстанның соңғы жаңалықтары

50 мыңнан 300 мыңға дейін: Тоқаев волонтерлер санының күрт артқанын айтты

Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйлеп, Қазақстандағы еріктілер қозғалысының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президенттің айтуынша, елімізде волонтерлік қызметпен айналысатын азаматтардың саны соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Егер 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер болса, бүгінде олардың қатары 300 мың адамға жеткен.

Қазіргі таңда ел бойынша 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, елге пайдалы іспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.

Мемлекет басшысы еріктілер экология, білім, мәдениет және өзге де салаларда маңызды бастамалар көтеріп жүргенін атап өтті. Атап айтқанда, «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларына 100 мыңға жуық ерікті қатысқан.

Президент жасампаз жастарға зор үміт артатынын айтып, еріктілер қозғалысын заман талабына сай дамыту қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен қолдану керектігін айтып, волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдайтынын мәлімдеді. Бұл бастама еріктілер қозғалысын дамытуға және оны цифрландыруға серпін береді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы еріктілердің ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтіп, ең пайдалы ұсыныстарды іске асыруға тапсырма беретінін айтты. Сондай-ақ Президент волонтерлердің пандемияда алдыңғы шепте болғанын айтып, олардың ерлігін жоғары бағалады.

Өзгелердің жаңалығы