Елімізде заңға петиция ұғымы енгізіліп, оның жұмысы регламенттеледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.
Заң жобасын таныстырғаннан кейін Ақпарат министрі қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе заң жобасын да ұсынды.
Сөзінше, заң жобасы петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді де қамтиды.
Заңнамада петиция ұғымы беріледі. Онымен қоса, әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген. Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Сондай-ақ уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды, - деп айтты Қыдырәлі.
Бұдан басқа, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматының қосылуы қажет. Министрдің мәліметінше, мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде қолданылады.
Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар. Мысалы, аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы болуы керек. Ал аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы, - деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы, облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық халқының кемінде 2%-ы, сондай-ақ республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.
Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды, - дейді Дархан Қыдырәлі Мәжілісте.
Мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және т.б. өкілеттіктер беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылады.