50-60 мың алатындардың жалақысын көтермесек, әлеуметтік «жарылысқа» ұласуы мүмкін

21 Сәуір 2021, 11:46
3402
Бөлісу:
50-60 мың алатындардың жалақысын көтермесек, әлеуметтік «жарылысқа» ұласуы мүмкін

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов әлеуметтік саланың көмекші және техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады.

Пандемия кезінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдерге қосымша төлемдер енгізілді. Жыл сайын мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 20-30%-ға артып келеді. Мұның бәрі өте орынды. Алайда осы секторлардың қатардағы қызметкерлерінің жалақысы қатарынан көптеген жыл бойы өзгеріссіз қалатындарына жиі шағымданады, - дейді Раманқұлов.  

Ол, яғни, санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, музей, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы техникалық қызметкерлерді айтып отыр.

Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы жиі айтамыз және осы бағытта ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл қызметтегі негізгі жүктеме мұрағат, музей және кітапхана қызметкерлеріне, тарихшыларға, өнертанушыларға және басқа да мамандарға жүктеледі. Сонымен қатар осы саладағы орта буын қызметкерлерінің, тіпті жоғары білімі бар қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 60 мың теңгені құрайды. Жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы - шамамен 70-75 мың теңге және 5 жылдан астам уақыт бойы жоғарылаған жоқ, - дейді депутат.

Сонымен қатар мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлерінің жалақысы – шамамен 50 мың теңге. Мұндағы қызметкерлердің көпшілігі өз жұмысын адал атқарады және ондаған жыл бойы осылай жұмыс істейтін шынайы энтузиастар.

Инфляцияның экономикалық сипатын ешкім жойған жоқ. Мемлекеттік органдар тауарлар мен азық-түлік бағасының өсуін айтпағанның өзінде, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы монополистердің тарифтерін ұлғайтуға үнемі келіседі.

Біздің азаматтарымыздың бұл санаты тіпті ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жыл бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына дұрыс киіне алмайды, балаларын асырай алмайды, күнделікті мәселелерді шеше алмайды. Алайда бұл азаматтар біздің мемлекет ретінде жауап беретін мамандарымыз емес пе?! - дейді мәжілісмен.

Ол техникалық кадрлардың әлеуметтік саладағы, яғни білім беру, денсаулық сақтау жүйесіндегі, мәдениеттегі мүдделерін қорғау мәселесі мемлекет назарынан тыс қалып отырғанын айтады.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы әлеуметтік саладағы жалақыны көтеру кезінде бір мезгілде техникалық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажет деп есептейді. Егер дәрігерге скальпель немесе қысқыш беретін ешкім болмаса немесе оттегі аппараты жұмыс істемесе, бірде-бір дәрігер ота жасай алмайды. Егер мектептің от жағушысы жұмысқа шықпаса және мектептің ағаш ұстасы сынған терезені алмастырмаса, мұғалім суық сыныпта сабақ өткізе алмайды, - дейді Мақсат Раманқұлов.

Сондықтан әлеуметтік саланың көмекші және техникалық қызметкерлеріне қатысты әділеттілік танытуды, жалақыны көтеру кезінде оларды назардан тыс қалдырмауды сұрап отыр.

Неліктен біздің осы саладағы мамандарымыз қиналуы керек. Олардың да көптеген проблемасы бар емес пе, олар да біздің мемлекетіміздің азаматтары ғой?!  Менің білуімше, осы азаматтардың 90 пайызының шағын несиелері бар, қарызға белшесінен батқан, шығармашылық туындыларын шығаруға қаражаты жоқ. Үкімет тарапынан нақты көмек те көрсетілмейді. Аталған факторлар әлеуметтік «жарылысқа» ұласуы мүмкін әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі, - дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы