5 жасар баланың бетін тілген оқиға: Кінәлі қазір қайда?

Бөлісу:
5 жасар баланың бетін тілген оқиға: Кінәлі қазір қайда?
Фото: BAQ.KZ архив

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 5 жасар баланың бетін тілген кәмелетке толмаған балаға не болғаны жайлы BAQ.KZ тілшісіне пікір берді.

Сот қаулысымен балаға қатысты қауіпсіздік шаралары қолданылып, тергеу кезеңіне ол денсаулық сақтау жүйесінің мекемесі психиатриялық стационарға жатқызылды. Науқасқа күшейтілген бақылау режимі қолданылды, - деді уәкіл.

Зәкиева қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқанына назар аударды.

Анасы жауапқа тартылды. Тергеу амалдары жүріп жатқандықтан басқа ақпаратты бөлісе алмаймын, - деп түсіндірді ол.

Динара Зәкиева жасөспірімдер жасаған қылмыстың статистикасын бөлісті. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бізге берген мәліметінше, 2024 жылы кәмелетке толмағандар 1 890 қылмыс жасаған. Оның 790-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар, 12 кісі өлтіру.

Қазіргі таңда сот шешімімен ауыр қылмыс жасағаны үшін жатқызылатын арнайы мекемеде мәжбүрлі емдеуде 745 адам жатыр, оның біреуі бала. Ол бала биыл жатқызылды. Былтыр мекемеге ешкім түскен жоқ. Осылайша, қылмыстарды есепте тұрған балалармен байланыстыру дұрыс емес. Менталды аурулары бар балаларды стигматизацияға жол беруге болмайды, - деп пікір білдірді Зәкиева.

Бұған дейін Астанада лифтте пышақ жарақатын алған 5 жасар балаға ота жасалғанын және дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін айтқанын жаздық.

Өзгелердің жаңалығы