Әскерилер су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 3 295 әскери қызметші, 200 бірлік автомобиль техникасы, 4 тікұшақ, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты және әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысында 58012, 30238 әскери бөлімдері мен аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы су тасқынымен күреске көмектесіп жатыр. Ойыл елді мекенінде паром өткелі жасалғалы бері әскери инженерлер бір жарым мыңнан астам адамды эвакуациялады. 94 бірлік техника мен 66 тоннаға жуық түрлі жүк тасымалданды.
Атырау облысы
Атырау облысындағы жұмыстар да ауқымды. Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде Жем өзенінің арнасын кеңейту мақсатымен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жару командасы он жарылыс жасады. Іс-шараларға «Батыс» ӨңҚ теңіз жаяу әскерлері бригадасының, 51051, 41433, 41321, 21642, 25744, 99116 әскери бөлімдері мен Маңғыстау облысы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері қосылды.
Құлсары қаласында, Махамбет, Құрылыс, Жаңаталап, Талқайран, Береке, Есбол елді мекендерінде және Жайық өзенінің жағасында тосқауылдар салу жұмыстары ұйымдастырылды.
Шымкент қаласынан келген 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Еңбекші, Аққайың, Ақтоғай және Тоқпансай ауылдарының тұсынан Жайық өзенінің жағасын нығайту жұмыстарын жүргізуде. Ал Тараз қаласы 85395 әскери бөлімінің жеке құрамы Құрылыс, Индер, Өрлік және Есбол елді мекендеріне жақын Жайық өзенінің арнасын нығайтып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы
Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға аумақтық қорғаныс бригадасының, 66597 (Қызылорда қ.), 18404 (Талдықорған қ.) және 61993 (Алматы қ.) әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері жұмылдырылған.
Облыс орталығындағы Зашаған ауданының өнеркәсіптік аймағы мен кірпіш зауытында да тасқынға қарсы жұмыстар жүргізілуде. Теректі ауданының Ақжайық ауылдық округінде, Бөрілі ауданының Бумакөл ауылында, Бәйтерек ауданының Кирсанов, Дарьинский және Байқоңыр ауылдарында Елек өзенінің жағасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бударин, Жаңабұлақ және Чапаев ауылдарында бөгеттер салынуда.
Солтүстік Қазақстан облысы
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға Астана қаласынан 68665 және Қарағанды қаласынан 31775 әскери бөлімдерінің жеке құрамы тартылды. «Қызылжар су» қалалық су арнасы ауданы мен Петропавл қаласына жақын Бескөл кентіндегі Калинин көшесінің тұрғындарын эвакуациялау жүріп жатыр. Құтқару жұмыстары Совет көшесі мен «Грин-парк» орман шаруашылығы шағын ауданында да тоқтаусыз жүргізілуде.
Ақмола облысы
68665 әскери бөлімінің жеке құрамы Ақмола облысы Есіл ауданының Заречный, Жарқайың ауданының Далабай, Тасөткел және Тассуат ауылдарында тіршілік нысандарын электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.
Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Боран елді мекенінің маңындағы су шайып кеткен жол учаскесінде жабдықталған көпір өткелі арқылы Аягөз қаласынан келген 02352 әскери бөлімінің әскери қызметшілері адамдар мен көліктердің қатынасын қамтамасыз етуде.
Су басқан аудандарда эпизоотиялық іс-шараларды өткізуге Қарулы күштер Тыл бастығы басқармасының ветеринариялық-санитариялық бақылау мамандары қосылды.
Айта кетейік, 27 наурыз бен 14 сәуір аралығында құтқару жұмыстарына барлығы 5 366 әскери қызметші, 200 бірлік автомобиль техникасы, 11 тікұшақ, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты және 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. 2 897 жергілікті тұрғын, оның ішінде 809 бала эвакуацияланды. 900 адам және 158 тоннаға жуық жүк тасымалданды. 469 мыңнан астам қап құм дайындалды.