5 млн доза – ҰҚК 17 млрд теңгенің есірткісін тәркіледі

26 Маусым 2024, 09:30
457
Бөлісу:
5 млн доза – ҰҚК 17 млрд теңгенің есірткісін тәркіледі
Фото: ҰҚК

Операция кезінде 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арналары, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1987 жылы 26 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық нашақорлыққа жәнеесірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні деп жариялады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа мемлекеттік органдармен қатар осы қатерлерге қарсы іс-қимылға белсенді қатысады.

2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізді.

Қорытындысы бойынша 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арналары, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылды. Заңсыз айналымнан 1.3 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 4.6 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13.6 тонна химиялық реагенттер алынды. «Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгеге бағаланады, ал айналымға жіберілген көлем шамамен 5 млн бір реттік доза, - делінген хабарламада.

ҰҚК деректері бойынша Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде.

Сонымен қатар  ҰҚК Шекара қызметі халықаралық қатынас жолдарында есірткі құралдарын тасымалдаудың 200-ден астам әрекетінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 790 кг астам есірткі және психотроптық заттар алынды.

Осы бағыттағы іс-шаралар жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы