Инцелльде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес алтын медаль жеңіп алған қазақстандық конькиші Кристина Шумекова өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Жалпы, чемпионат алдында қалай жүгіретінімді және не істейтінімді ойлағанда, медальдар міндетті түрде болады деп сендім, бірақ 500 метрлік қашықтықта болады деп ойламадым. Өйткені осы маусымдағы Кубок кезеңдерінде бұл қашықтықта бірде-бір рет медаль ала алмаған едім, тек әлем чемпионатында ғана бірінші болудың сәті түсті.
- Әлемнің абсолютті чемпионы атану қандай сезім екенін айтып беріңізші?
- Керемет, бұл өте күшті эмоциялар. Пьедесталда тұрғанда Қазақстанның туы көтеріліп, әнұраны шырқалған кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл өте ғажап. Командалық жарыстарда мен австриялық Джанин Рознермен жұптасып жүгірдім. Ол Олимпиада ойындарының қатысушысы болған. Жалпы, деңгейіміз шамалас екенін және бақ сынасуға болатынын түсіндім. Егер жұпта жеңіске жетсем, әлем чемпионатын да жеңетінімді іштей сездім, - деді Шумекова отандық БАҚ-қа берген сұхбатында.
Бұған дейін Қазақстан Президенті конькиші Кристина Шумекованы әлем чемпионатындағы айтулы жеңісімен құттықтаған болатын.