5-10-20 бағдарламасы баспаналы болғысы келетін азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік – Самат Нұртаза

11 Мамыр 2020, 18:16
2026
Бөлісу:
5-10-20 бағдарламасы баспаналы болғысы келетін азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік – Самат Нұртаза
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саясаттанушы, Еуразиялық ынтымақтастық институтының бөлім басшысы Самат Нұртаза Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысындағы мәлімдемесіне өз пікірін білдірді.

Төтенше жағдайдың алынып тастағаны дұрыс деп есептеймін. Халықтың қажығаны сөзсіз. Алайда, толықтай сақтық шараларын алып тастауға да болмайды. Себебі біз басымызға тимей, көп нәрсені түсінбейміз. Кейбір адамдар әлі күнге дейін коронавирустың бар екендігіне сенбейді. Талай вирус жұқтырып, бірнеше адам індет салдарынан көз жұмды. Биліктің қайта-қайта айтқаны, халықтың қамын ойлағаны қуантады. Сондықтан бұл жағдайда карантин шараларын толықтай жүз пайызға әлсіретуге болмайды. Қаланы ашпағаны да дұрыс шығар. Егер де қазір Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын ашып жіберсе, қалааралық қатынас лап етейін деп тұр. Карантин режимін жаздың ортасына дейін созған дұрыс шығар. Себебі кенеттен тез арада мұндай өзгерістерге дайын емеспіз, - деді саясаттанушы.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының жаряилаған 5-10-20 бағдарламасы баспана ала-алмай жүрген азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік екендігін тілге тиек етті. 
Мен 5-10-20 деген бағдарламасына өз басым қуанып отырмын. Себебі көптеген отбасылар баспана мәселесін шеше алмай жатқаны бәріне белгілі. Сондықтан осы бағдарлама біз сияқты үй мәселесін шеше алмай жүрген отбасыларға тағы да бір көмек бола ма деп есептеймін. Бүгінгі айтқан сөздерінің ішінде осы бір сөзі өз басыма ыстық көрінді. Сол жағынан мен қолдаймын, үміт артамын, - деді Самат Нұртаза.
Өзгелердің жаңалығы