Қазақстанның соңғы жаңалықтары

4,5 млрд шығын: OrdaMed ісі бойынша тың дерек шықты

Бүгiн, 17:14
247
Бөлісу:
 Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр

Денсаулық сақтау министрлігі "OrdaMed" АҚ қызметінен анықталған заңбұзушылықтарға қатысты ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі кезде компанияның медициналық бұйымдарына қатысты 53 тіркеу куәлігінің барлығының қолданылуы толық тоқтатылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін ҰҚК "OrdaMed" АҚ-да медициналық бұйымдарды Қазақстанда өндірілгендей көрсетіп, шын мәнінде жалған өндіріс схемасын жүзеге асырған болуы мүмкін деген деректі жариялаған еді. 

Мәліметке сай, компания басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі барын дәлелдейтін жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік емдеу мекемелеріне 28 түрлі медициналық жабдықты жеңілдікті жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған.

Алайда нақтысында дайын жабдықтардың шетелден әкелінгені көрсетілген. Осы әрекеттер салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келді. Сот санкциясына сәйкес, "OrdaMed" АҚ-ның техникалық директоры, басқарма төрағасының бұрынғы мүшесі және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды.

Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті (МФБК) "Медициналық бұйым өндірушілер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің өтінішіне байланысты "OrdaMed" АҚ-ға қатысты екі жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында өнімнің алдын ала көрсетілмеген өндірістік алаңда шығарылғаны, сондай-ақ басқа да заң талаптарының бұзылғаны анықталған.

Осы тексерулердің нәтижесінде комитеттің 2024 жылғы 22 шілдедегі бұйрығымен "OrdaMed" АҚ-ның 26 тіркеу куәлігінің қолданысы тоқтатылды.

Тексеру материалдары ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жолданған. Комитет, Дәрілік заттар сараптамасының ұлттық орталығы және тәуелсіз сарапшылар қатысқан бірлескен тексеріс заңбұзушылықтардың жүйелі түрде орын алғанын растаған. Атап айтқанда, тіркеу құжаттарында нақты емес мәліметтер көрсетілгені және компания мәлімдеген өндірістік алаңның іс жүзінде болмағаны анықталған.

Ал ҰҚК-нің 2025 жылғы 23 шілдеде енгізген ұсынысы негізінде комитет тиісті бұйрық шығарып, компанияда қалған 27 тіркеу куәлігінің қолданысын да тоқтатты.

Осылайша, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі "OrdaMed" АҚ-ның медициналық бұйымдары бойынша барлық 53 тіркеу куәлігінің қолданысын толық тоқтатты, - делінген ресми хабарламада.

Тергеу амалдары аяқталғанға дейін компания өнімін сатуға және пайдалануға, оның ішінде мемлекеттік сатып алу аясында да қолдануға тыйым салынды.

Еске салайық, бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті OrdaMed басшылығын ұстағаны туралы ақпарат тарады.

Өзгелердің жаңалығы