"43 млн теңге бөлінеді". Министр орыс тілін қолдау жөнінде халықаралық ұйымның маңызына тоқталды

Бүгiн, 14:48
356
Бөлісу:
"43 млн теңге бөлінеді". Министр орыс тілін қолдау жөнінде халықаралық ұйымның маңызына тоқталды
VIDEO
Фото: Арман Мухатов - архив

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым не үшін құрылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда дүние жүзінде 200 миллионнан астам адам орыс тілінде сөйлейді. Қолданыс тілі бойынша 8-орында тұр. Халықаралық ұйымдарда қолданылуы бойынша алтыншы орынға ие. Бірнеше ірі халықаралық ұйымдардың жұмыс тілі болып саналады. Ұйымның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасатын болады. Үш сатылы басқару механизмі болады. Жоғарысында министрлік конференция, оған біздің министрлік, мен өзім де кіретін боламын. Сосын біз министрлермен ұжымдық шешім қабылдап, басқарушы кеңесті тағайындайтын боламыз және хатшылық та болады. Бұл жылына шамамен 43 млн теңге. Республикалық бюджеттен бөлінеді, - деді Саясат Нұрбек.

Ведомство басшысы келесі жылдан бастап нақты шаралар жүзеге асырылатынын айтты.

Ресми процедуралар біткеннен кейін толыққанды ратификация заңына Президентіміз қол қойғаннан кейін осы алты елдің бүкіл министрі жиналып, бұл қоғам қалай жасай істейтіні туралы шешімдер қабылдайды. Келесі жылдың басынан негізгі шаралар басталады. Ақшаны әр ұйым сол шарт бойынша бюджетіне құяды. Айтып кеткенімдей, Қазақстанның үлесі – 43 миллион теңге. Көп емес. Жай ұйым болып қала ма, қалмай ма – сол мемлекеттердің және басқарушылық кеңестердің жұмысына қатысты болады. Жаңа ұйым құрылғаннан кейін көреміз қалай жұмыс істейтінін, - деді Ғылым министрі.

Министр халықаралық ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан елдерінің қосылып отырғанын атап өтті.

Біріншіден, бұл - президентіміздің бастамасы. "ТМД елдерінің саммитінде кездескенде бастама жасаған еді. Жалпы, халықаралық 6 тіл бар. Олардың әрбіреуінің насихаттайтын ұйымдары бар. Қатарында Ресейдің тілі жоқ, соны неге ойланбаймыз?" деген ұсыныс болған еді. Басқа елдер де қолдап, халықаралық ұйым құру туралы шешім қабылданды. Екіншіден, біздің ішкі саясатымызға ықпалы жоқ. Бұл ұйымның мақсаты - халықаралық деңгейде орыс тілін ілгерілету, - деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Мәжіліс комитеті "Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейтіні туралы хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы