№422 автобустан қыздың қалай құлап кеткені белгілі болды

24 Шілде 2019, 13:57
4956
Бөлісу:
№422 автобустан қыздың қалай құлап кеткені белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қала маңындағы жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Жедел» ЖШС кеше №422 автобустан құлап кеткен қыз туралы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Жүргізушінің айтуынша, автобус Алматы-1 вокзалынан Ащыбұлақ ауылына қарай бет алған. Жолаушы Аяла Нұрбол өз аялдамасынан өтіп кеткенін айтып, жүргізушіден көлікті тоқтатуды өтінген. Жүргізуші жолдың оң жағына шығып, толық тоқтаған соң барып есікті ашқан. Куәгерлердің айтуынша, қулаққап киген қыздың көзі телефон экранында болған, сөйтіп баспалдаққа аттамас бұрын алдыға жүріп кеткен, нәтижесінде жерге домалап түскен. Оқиға болған жерге жол көлік полиция қызметкерлері келіп, салондағы жолаушылардан түсініктеме алған. Куәгерлер жүргізушінің кінәсіз екенін айтқан, кейін ол жұмысын жалғастырды», - дейді мекемедегілер.

Автопарк өкілдері қызметтік тексеріс жүріп жатқанын, нәтижесінде жүргізушіге қатысты шара қолданатындарын да мәлімдеді.

Алматы қаласының Қалалық мобильдік басқармасы қала маңында жүретін автобустарда бірқатар проблема бар екенін және олар қызмет көрсету сапасына әсер ететінін айтады.

«Қала маңынан қатынайтын автобустарда «Оңай» электрондық төлем жүйесі жоқ. Бұл табыстың көлеңкеде қалуына жағдай жасайды. Сондай-ақ, қала маңындағы маршруттар субсидияланбайды, сондықтан автопарктер жүретін көліктерін жаңартып отырмайды, әрі бірыңғай диспетчерлік қызметі жоқ», - дейді Қалалық мобильдік басқармадағылар. 

Еске салсақ, кеше сағат 13:30 шамасында №422 автобустан қыз баланың құлап қалғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Есінен танып қалған қызды жедел жәрдемі алып кеткен.

Өзгелердің жаңалығы