42 500 теңге: Шын мұқтаждарға үлкен көмек болды

17 Сәуір 2020, 21:06
1700
Бөлісу:
42 500 теңге: Шын мұқтаждарға үлкен көмек болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмек алған қазақстандықтар пікір білдірді.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты біршама қазақстандықтар тұрақты табысынан айырылды. Мемлекет қиын жағдайда қалған ондай жандарға көмек көрсету мақсатында 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) беріледі. Бүгінде бұл әлеуметтік көмекті 3 миллионнан астам адам алып үлгерді

Бала бағумен айналысқан Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны Ақерке Зайырова карантин жарияланғанға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып келген еді. Алайда, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жұмысы тоқтап, әлеуметтік төлем алуға өтініш жазған.

Өтінішті телеграм-бот арқылы бердім. Еш қиындық тумады. Өтініш беру жолдары халыққа ыңғайлы болуы үшін барынша қарапайым жасалған екен. Төтенше жағдай кезінде тұрақты табысынан айырылған халыққа қандай көмек болса да ауадай қажет. Өздеріңіз біліп отырғандай, елімізде еш жер жұмыс істемейді, сәйкесінше, табыс көздері де жоқ. Бұл көмектің беріліп жатқаны әжептәуір жәрдем, - дейді ол.

Ал, елордалық Мәншүк Ахметованың бала күтіміне байланысты үйде отырғанына бір жарым жылдың жүзі болыпты.

Карантинге байланысты мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек беріліп жатқанын естіген соң, өтініш беріп көрейін дедім. Алайда, балам бір жастан асып кеткен. Бір жасқа дейін берілетін жәрдемақыны алып қойдық. Баласы бір жастан асқандар да әлеуметтік төлем алуға құқылы деген жаңалық шыққан соң, бірыңғай жиынтық төлем жасап, телеграм-бот арқылы өтініш бердім. Бір апта ішінде төлем тағайындалды деген СМС келді, - дейді ол.

Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов декреттегі әйелдерге қатысты төлем алу бойынша арнайы санат жоқ екенін айтқанын еске саламыз.

Ал алматылық Нұрлан Жандосов – фитнес-жаттықтырушы. Карантин жағдайына байланысты жұмысы тоқтаған. Мектеп жасына жетпеген екі баланың әкесі үйдегі жалғыз табыс табушы. Жұбайы бала тәрбиесімен үйде отыр. Өтініш берерде eGov электронды үкімет порталына кіре алмай, бірнеше күн қатарынан талпынып көрген. Соңында тіркеуден өтіп, өтініш жолдаған. Бірыңғай жиынтық төлем жолдап, тиісті әлеуметтік көмекті де алған.

Шын мұқтажға мұндай көмек керек-ақ. Тек бір қынжылтатыны, жұмысы тоқтамай, еңбекақысын қалыпты алып отырғандардың да өтініш беріп, әлеуметтік төлем алып жатқаны. Керісінше, көмек нағыз керек жандарға төлем алуға тыйым келіп жатыр деп ойлаймын, - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлемнің не үшін жасалатынын түсіндірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы