42 500 теңге. Жалғызбасты аналарға әжептәуір қолдау – жергілікті тұрғын

19 Сәуір 2020, 18:13
2124
Бөлісу:
42 500 теңге. Жалғызбасты аналарға әжептәуір қолдау – жергілікті тұрғын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік көмекке қол жеткізгендер қатарында Алматы облысы тұрғындары да бар.

Карантин кезінде халыққа мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекке Алматы облысынан да ие болғандар біршама. Олардың қатарында жалдамалы жұмысшы Ералы Ермекұлы да бар.  "Глория Джинс Каспиан" ЖШС-де әкімші болып қызмет ететін ол төлемді телеграм-бот арқылы өтініш беріп алғанын айтты. Елдегі жағдайға байланысты оны жұмыс орны жалақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болған.

Бұл әлеуметтік көмек халықтың бір бөлігіне айтарлықтай қолдау болары сөзсіз. Сома көлемі аз болса да, карантин кезінде керекті азық-түлік өнімдері мен өзге де қажеттіліктерге жұмсауға жетіп тұр,-дейді ол.

Ал, Бақанас ауданы, Балатопар ауылының тұрғыны Қызғалдақ Жеңісқызы – жалғызілікті ана. Бүгінде үш баланы бір өзі тәрбиелеп отырған ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Төтенше жағдай жарияланнан соң жұмысының тоқтап қалуына байланысты 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алуға өтініш жазған.

Бұл көмек карантин салдарынан табыс көзінсіз қалған жандарға біршама көмек болып отыр. Оның ішінде балаларын бір өзі асырап отырған мен сияқты жалғызілікті аналарға әжептәуір қолдау. Қазір кімге де болса, оңай емес, сол себепті әлеуметтік көмек көрсетіп жатқан үкіметке алғысым шексіз,-дейді Қызғалдақ Әубәкірова.

Карантин әсерінен табыс көзінен айырылғандардың қатарында Алматы қаласында аспаз болып қызмет ететін Нүриләм Марипова да бар.

Төтенше жағдайға байланысты жұмыс орындары жаппай жабылып жатқанда уайымдап қалғанымыз рас. Іле үкімет көмек береді дегенді естігенде көңіл орнына түсті. Бұл әлеуметтік көмек, әрине, халыққа титімдей болса да қолдау ғой,-дейді ол.

Айта кетейік,  бұған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500-ден ешқандай салық ұсталмайтынын айтып, әлеуметтік төлемге жіберген өтініші жауапсыз қалған жағдайда қайда хабарласуға болатыны жөнінде мәлімет берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы